Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Көкшетаудағы әскери бөлімге барды

Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Көкшетаудағы әскери бөлімге барды
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, Аңсаған Балтабеков жұмыс сапары аясында «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөліміне инспекциялық іс-шара өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сапар барысында Бас қолбасшы әскери қызметшілердің қызмет жағдайына, тәртіптің сақталуына, жауынгерлік дайындық пен күнделікті қызметтің ұйымдастырылуына, бөлімнің материалдық-техникалық жабдықталуына және тұрмыстық инфрақұрылымына ерекше назар аударды. Әскери бөлімнің командирі полковник Берік Қожахметов мерзімді әскери қызметшілерге арналған жаңа казарма құрылысының барысымен таныстырды. Оның айтуынша, бұл нысан жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп салынуда және биыл күзде пайдалануға берілмек.

Сапар соңында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы жауынгерлерге адал қызметтері үшін алғыс айтып, табыс тіледі. Ол Ұлттық ұланның еліміздегі заңдылық пен қоғамдық тәртіпті нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмысты жалғастыратынын атап өтті.