Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Беларусь елінің әскери өкілдерімен кездесті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Беларусь елінің әскери өкілдерімен кездесті
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Беларусь Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлерінің делегациясы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановпен «Спасск» оқу-жаттығу орталығында кездесу өткізді, деп хабарлады Elorda.info Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Біз сіздерді «Спасск» оқу орталығының аумағында көргенімізге қуаныштымыз. Қазіргі уақытта орталықта Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтар қолбасшылары, құрамалар мен әскери бөлімдер командирлері және олардың орынбасарларымен жедел дайындық бойынша оқу-әдістемелік жиындар өтіп жатыр. Бүгін олар түрлі қарулардан оқ ату бойынша тәжірибе алмасып жатыр. Бұл оқу-жаттығу жиындарына 80-нен астам офицерлер тартылған. Сондай-ақ осы кездесуді пайдалана отырып, сіздерге екі ел арасындағы әскери қарым-қатынастың нығаюына қосқан үлестеріңіз үшін  шексіз алғысымды білдіремін, - деді генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы мен Беларусь Республикасының ішкі әскерлері арасындағы ішкі қызметті және қауіпсіздікті ұйымдастыру перспективаларын талқылады.

Өз кезегінде Беларусь Республикасы Ішкі әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Игорь Бурмистров делегация мүшелерін таныстыра отырып, Қазақстан Ұлттық ұланының Басқолбасшылығына жылы шырайда қарсы алғаны үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ генерал-лейтенант Еркін Советбекұлы делегация басшысы генерал-майор Игорь Бурмистровты «Ұлттық ұланның үздігі» төсбелгісімен марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті. Бұдан бөлек Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Беларусь елінің өкілдерін «Күрең берет» сынағына   бақылаушы болуға шақырды.

Құрметті қонақтарға Ұлттық ұлан бөлімшелері «Заңсыз қаруланған қаскөйлерді іздестіру және олардың жолын кесу бойынша батальондық тактикалық топтың арнайы операциясы» тақырыбында жаттығулар көрсетті.

Осыдан соң қонақтар «КарЛаг» саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейіне экскурсия жасады. Генерал-майор Игорь Бурмистров «Мұражайдың құрметті қонақтары» кітабына қолтаңба қалдырды. Бұдан кейін меймандар «ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандары» мемориалына гүл шоқтарын қойды.

Сонымен қатар олар 5573 әскери бөліміне барып, елордалық жедел бригаданың қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетімен және «Үркер» тұрғын алабындағы әскери қалашықтың инфрақұрылымымен танысты. 

Әр жарты жыл сайын Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімдердің командирлері мен олардың орынбасарларына арналған оқу-жаттығу жиындары өткізіліп тұрады.  Ең біріншіден бізге жүктелген жауынгерлік тапсырмаларды іске асыру жөніндегі жаттығуларды орындаймыз. Сондай-ақ күнделікті қызметтегі іс-шараларды өткізудің сапасын арттыру мен командирлеріміздің бөлім мен бөлімшелерді басқарудағы тың тәсілдерін жетілдіруді мақсат етіп отырмыз. Бүгін, өздеріңіз куә болғандай, ҚР Қарулы Күштерінің қару-жарақтарын қолдануды үйретіп жатырмыз. Мәселен, БМП-2, БТР-дің қару-жарағынан және СПГ секілді үлкен колибрлі гранатометтер мен минометтерден, зениттік қарудан оқ ату тәсілдерін көрсеттік. Оның бәрі командирлерімізге қызмет атқару кезінде керек болады. Барлық басшылық құрамды жинап, осындай оқу -жаттығуды ұйымдастырудың маңызы зор, - деді Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов.

Командирлер бастаған қатысушылар БМП, БТР-80 техникаларынан үш бағытта ату жаттығуларын орындады. Сондай-ақ, олар танкке қарсы СПГ-9, РПГ-7, АГС-17 қаруларымен және жеңіл брондалған нысаналар мен жау әскерін жоюға арналған НСВ пулеметінен сынға түсті. ЗУ-23 зениттік пулеметінен нысаналарды жойды.   

«Орталық» өңірлік қолбасшылығының ұйытқы болуымен Ұлттық ұланның командирлері мен жауынгерлер жөніндегі орынбасарлары оқу-әдістемелік оқуға қатысып жатыр. Осы жиында біз Ұлттық ұлан жауынгерлері қолданатын қару түрлерінен оқ атып, шеберлігімізді шыңдадық. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің базасындағы көп қару түрлерін қолданып, жаттығулар орындадық. Бұл офицерлердің барлық қару-жарақтан оқ ату қабілетін арттырып, тәжірибе алмасуға септігін тигізеді, - деді 5513 әскери бөлімінің командирі подполковник Ғазиз Кәдірбек.