Атырауда 10 айлық сәбидің өліміне кінәлі дәрігерлер жазаланды
Атырауда 10 айлық сәбидің өліміне кінәлі дәрігерлер жазаланды, деп хабарлады Elordainfo.kz «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Еске салайық, 2024 жылдың желтоқсан айының басында әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде бір әйелдің 10 айлық баласының өліміне дәрігерлерді айыптаған видеосы анықталған болатын.
Анасының айтуынша, 6 желтоқсанда қызуы 38,9 болған нәрестені жұқпалы аурулар ауруханасына апарған. Ол жерден оны облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне жіберіп, олар өз кезегінде қайтадан жұқпалы аурулар ауруханасына баруға кеңес берген. Нәтижесі қайғылы аяқталды: нәресте түнде жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы балаға жұқпалы аурулар ауруханасында алдын ала «ВКИ. Іштің қатты ауруы» диагнозы қойылғанын және анасына стационарлық емдеу ұсынылғанын хабарлады. Алайда анасы ауруханаға жатудан бас тартып, тиісті қолхат жазған. Содан кейін ол облыстық балалар ауруханасына барып, онда нәрестенің кеуде қуысының рентгенографиясы мен құрсақ қуысы мүшелерінің УДЗ-ін түсірген. Тексеруден кейін бала жұқпалы аурулар ауруханасына стационарлық емдеуге жіберілген. Бұл кезде сәбидің жағдайы ауыр болған деп айтуға болады.
Жұқпалы аурулар ауруханасының қабылдау бөлімінде реанимациялық көмек басталады, алайда бала 7 желтоқсан күні сағат 00:20-да қайтыс болды.
Осы оқиғалардан кейін Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеру жүргізу үшін комиссия құрды.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Әбдалиаев қызметтік тексеру жүргізілгенін айтты.
Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша Атырау қалалық №4 емханасының учаскелік фельдшеріне, учаскелік медбикелеріне, аға мейірбике мен бас медбикеге, директордың балалар және босандыру жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жазалар қолданылып, директордың орынбасары қызметінен босатылды.
Атырау облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасарына ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
№2 Атырау облыстық ауруханасының (жұқпалы аурулар ауруханасы) қабылдау бөлімінің меңгерушісі мен директорына сөгіс және қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылып, меңгеруші қызметінен босатылды.