Елордалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 54 іс қаралды
Астана қаласының коммуникациялар қызметінде «Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотта істерді қарау ерекшеліктері» тақырыбында өткен брифингте ювеналды соттың жұмысы туралы айтылды, деп хабарлады Elorda.info.
Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының судьясы Айсұлу Жұматованың айтуынша, 2023 жылы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа 71 қылмыстық іс келіп түсіп, 54 іс қаралғанын айтты.
Әкімшілік істер бойынша 2023 жылы 127-бап бойынша 202 іс, 2024 жылдың 5 айында 83 іс, ұсақ бұзақылық 31/24, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерсіз жүруі – 65/44 іс келіп түсті, - деді А.Жұматова.
Оның айтуынша, 2023 жылы пилоттық жоба аясында Астана қаласы сотының бастамасымен сот ісін жүргізу орбитасына түскен кәмелетке толмағандарды әлеуметтендіру үшін «Ізгілік жолы» жобасы жұмыс істеді. Сондай-ақ жоба шеңберінде кәмелетке толмағандарға үкім шығарылғаннан кейін пробация қызметімен бірлесе отырып, колледждерде, мектептерде оқуды жалғастыруға, спорт секцияларына қатысуға, емделуге, жаңа кәсіптерге оқуға, кәмелетке толмағандарға тұрақты табыс табуға, бұрынғы ортадан кетіп, жаңа өмір бастауға көмектескен мамандар, психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс атқарған.
Пилоттық жоба өзінің тиімділігін көрсетті, сондықтан оны іске асыру мемлекеттік деңгейде қаралуда. Ювеналды соттар Қазақстанда посткеңестік кеңістік елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып құрылды және баланың құқықтарын қорғау үшін өзінің тиімділігі мен айрықша маңыздылығын дәлелдеді, - ол.