Қазақстаннан шетелге ұшатын халықаралық рейстер саны артады
Биыл жазда жолаушыларды Вьетнам, Тайланд, Египет және Грузия мемлекеттеріне тасымалдайтын әуе рейстерінің саны артады, деп хабарлады Elorda.info.
Бүгінде елімізден халықаралық бағытта 28 елге 121 маршрут бойынша аптасына 567 рейс жиілігімен ұшақтар ұшып, жолаушыларды тасымалдайды.
Рейстердің басым бөлігі Ресей Федерациясына жөнелтіледі. Атап айтқанда, аптасына 31 әуе бағыты бойынша Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Минеральные воды, Қазан, Сочи, Красноярск, Новосибирск, Махачкала және Грозный қалаларына 139 рейс орындалады, - делінген Көлік министрлігінің ақпаратында.
Ал Түркияға 18 әуе бағыты бойынша Стамбұл, Анкара, Анталия қалаларына аптасына 125 рейс жиілігімен және Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай, Абу-Даби, Шарджа қалаларына 58 рейс 6 әуе бағыты бойынша ұйымдастырылған. Қазақстаннан Қытай Халық Республикасына қатынайтын ұшақтар Бейжің, Үрімші, Сиань, Ханчжоу, Санья сынды қалаларды қамтып, 9 әуе бағыты бойынша аптасына 43 рейс жүзеге асырылады.