00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордалықтарға тегін заң көмегі көрсетілді

29 сәуір, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордалықтарға тегін заң көмегі көрсетілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер бірлесіп  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ» жобасы аясында қала тұрғындарына тегін заң көмегін көрсетті, деп хабарлады Elorda.info.

Халық арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған бастама жыл соңына дейін жалғасады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл  агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің Превенция басқарма бастығының орынбасары Уалихан Курамаевтың сөзінше, мобильді топтың басты мақсаты халықтың өзекті мәселелерін заңға сәйкес жедел шешу.

Астанада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жобасы былтыр басталды. Қазіргі таңда 209 волонтер бар. Бұл жоба сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және түрлі мекемелердің қызметіндегі ашықтықты арттыру саласында маңызды міндеттер қояды. Мобильдік тобының негізгі мақсаты азаматтардың заң консультациясына қол жеткізуін қамтамасыз ету және олардың өзекті мәселелерін заңға сәйкес жедел шешу. Бүгін осы жоба аясында адвокаттар мен заңгерлерлер және құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен тұратын мобильді топ халыққа тегін заң бойынша құқықтық кеңес беруді бастады. Алдағы уақытта қаламыздағы қалған 4 ауданда осындай жиын өткіземіз. Жалпы бұл бастама жыл соңына дейін жалғасады, - дейді ол.

Бүгін мобильді топ Сарыарқа ауданында орналасқан ірі сауда ойын-сауық орталығында болды. Олар елордалықтарды қабылдап, оларды мазалаған сұрақтарға жауап берді. Өзін мазалаған сауалдарға жауап алғандардың бірі  Айнұр Алпысбаева.

Бұл бастама елордалықтар үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Себебі бұл жерде нақты сала мамандары отыр. Олар тұрғындарға тегін кеңес беріп жатыр. Мысалы мен алдымен адвокаттан кеңес алып, әріқарай заңгермен сөйлестім. Олар менің сұрағым бойынша маған барлығын түсіндіріп,  мәселені шешу үшін әріқарай не істеу керек туралы нұсқаулық берді. Кездейсоқ көріп қалып, өз сұрағыма жауап алғаныма қуаныштымын,- дейді елордалық А. Алпысбаева.

Ал тағы бір қала тұрғыны Мерей Жолжақсынова мобильді топ туралы алдын ала естіп, заңгер кеңесін алу үшін арнайы келген.

Бүгін мен көп жылдан бері өзімді мазалап жүрген сұрағыма жауап алдым. Заңгерлер маған барлығын түсіндіріп берді. Бүгінде осындай халыққа қолжетімді қызметтердің барына қуаныштымын. Өйткені көп жағдайда халық мұндай қызметтерге арнайы ақы төлеп, барып жатады. Өз басым осындай жиын болады дегенді естіп арнайы осы жерге келдім,- дейді М. Жолжақсынова.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, волонтерлер Астана қаласы аудандық әкімдіктерінің қызметін сүйемелдеуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттауға бағытталған іс-шараларға қатысып келеді. Олар  елордалықтарды тегін заң қызметін алуға шақырады.