Елордалық ұландықтар «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша тест тапсырды
Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының 100-ден астам әскери қызметшісі «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуден өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Диагностикалық тесттің негізгі мақсаты - мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді қаншалықты жақсы және қандай деңгейде меңгергенін анықтау.
Тестілеуді Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері қабылдады. Тест тапсыруға 1 сағат 40 минут берілді, тест үш бөлімнен тұрды: тыңдау, лексика-грамматикалық бөлім және оқу.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов тестілеудің барлық ұйымдастырылуын назарға алып, мемлекеттік тілді білудің маңыздылығын атап өтті.
Диагностикалық тестілеу қазақ тілін меңгеру деңгейін диагностикалау үшін жүргізіледі. Ал осы деңгейді анықтау үшін сертификаттық тестілеу жүргізіледі, - деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының қызметкері Сания Сердалина.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар 15 маусымға дейін бірқатар мемлекеттік мекемелерде өткізіледі.