Елордада полиция заңсыз вейп сақтау қоймасын анықтады
Елордада өткен «Учаске» жедел-алдын алу шарасы барысында Сарыарқа ауданының полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары заңсыз электрондық темекілер мен вейптер сақталған қойманы анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қосшығұлұлы көшесіндегі көпқабатты үйдің жертөлесінде орналасқан қоймадан 2700-ден астам электрондық құрылғы тәркіленді. Тексеру барысында бұл тауардың Telegram арнасы арқылы сатылып, курьерлер арқылы жеткізілгені белгілі болды.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері заңсыз электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Полицейлер биылғы жылдың 20 маусымынан бастап ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген 301-1-баптың талаптарын еске салды. Бұл бап бойынша шегілмейтін темекі бұйымдарын, вейптерді, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатуға қатаң тыйым салынған. Заңды бұзған жағдайда 200 АЕК-ке дейінгі айыппұл, түзету немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, не болмаса 50 тәулікке дейін қамауға алу шаралары қолданылуы мүмкін.