Еліміздегі барлық халықаралық әуежайларда QR-код жүйесі енгізілді

10 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Еліміздегі барлық халықаралық әуежайларда QR-код жүйесі енгізілді
Фото: Үкімет

Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Министрдің айтуынша, елімізге келген туристерге қолайлы жағдай жасалуы керек. 

«Туристің жолы әуежайдан басталып, қонақүй, мейрамхана мен туристік нысандарға дейін жалғасады. Осы аралықта әрбір кезеңде қолайлы жағдай жасалуы қажет. Соңғы жылдары Қазақстан шетелдік туристер үшін анақұрлым ашық елге айналды. Бүгінде 87 елдің азаматы Қазақстанға визасыз, тағы да 107 елдің азаматы электронды визамен кіре алады. Әуе қатынасы кеңейіп келеді. Ашық аспан саясаты арқасында өткен жылы 22 жаңа маршрут іске қосылды. Биыл тағы 32 маршрут ашу жоспарланып отыр»,- деді министр. 

Ербол Мырзабосынов заңсыз такси қызметтеріне де тоқталды. 

«Премьер-министрдің тапсырмасы аясында халықаралық әуежайларда QR-код жүйесі енгізілді. Онда сенімді такси, қонақүйлер мен туристік нысандар туралы ақпарат бар. Әкімдіктер бұл жұмысты тұрақты түрде қадағалап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруы қажет. Заң бұзушыларға қарсы жауапкершілікті күшейту мүмкіндігі де қарастырылуы керек. Сонымен қатар ірі қалалардағыдай түнгі уақытта қала орталығана қатынайтын автобус жоқ. Бұл мәселені шешу үшін түнгі экспресс-маршруттарды іске қосу ұсынылады»,- деді ол.

Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстанға 15,3 миллион шетелдік қонақ келген. Олардың 10,4 миллионы елде бір күннен көп уақыт өткізіп, шетелдік турист мәртебесіне ие болған. Сонымен қатар былтыр ел ішінде саяхаттаған отандық туристер саны 10,5 миллионға жетті.