Елімізде шылым шегетіндер саны былтырмен салыстырғанда 3 пайызға азайды


Ұлттық статистика бюросы 2025 жылы Қазақстандағы ересек халықтың темекіні тұтынуы туралы деректі жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz бюроның ресми сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросы ересек тұрғындардың темекі тұтынуы туралы кезекті жыл сайынғы зерттеуін жүргізді. Сауалнама республиканың барлық облысында және Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізілді. Оған 12 000 үй шаруашылығының 15 жастан асқан бір-бір мүшесі қатысқан.
Алынған нәтижелерге сүйенсек, тексерілген үй шаруашылығы мүшелерінің жалпы санынан қазіргі уақытта халықтың 17,5 пайызы темекі шегеді, 2024 жылы бұл көрсеткіш 20,7 пайыз деңгейінде болған. Темекі тұтынушылардың үлесі ауылдық жерлерде 19,1 пайыз, қалалық жерлерде – 16,7 пайыз. Жалпы темекі шегетін халықтың 93,8 пайызы өнеркәсіпте шығарылған темекі түрін шегеді. Темекі тұтынатындар арасында ерлер 34 пайыз, әйелдер арасында 5 пайызды құрайды.