Елімізде құрылыс материалдары қымбаттай ма: министр жауабы


Бұл сұраққа бүгін өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жауап берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Егер сұраныс болса, онда баға да қымбаттайды. Қазір Қазақстандағы құрылыс материалдары нарығы $4 млрд-қа бағаланып отыр. Бізде ішкі өндірісті қамтамасыз ету деңгейі – 66 пайыз. Бұл құрылыстың алғашқы кезеңінде қолданылатын заттар. Атап айтсақ, цемент, бетон. Яғни ішкі нарық осы тауарлармен қамтамасыз етілген. Нарықтың үштен бірі әлі де импортқа байланысты. Бұл сантехника, тұсқағаздар, линолеум және басқа да әрлеу өнімдері. Бізде импорт 33 пайызды құрайды. Шамамен 4-5 жылда құрылыс нарығын 85 пайызға қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Қазақстанда жақсы кәсіпорындар да жұмыс істеп жатыр. Мысалы, «Орда класс» және т.б. Біз кезең-кезеңімен алға жүріп жатырмыз. Сондықтан мен үлкен проблема көріп тұрғаным жоқ», - деді министр.