Биыл 30 жас қазақстандыққа «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталады

11 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Биыл 30 жас қазақстандыққа «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталады
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінен

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров айтты. Оның айтуынша, бұл грантқа 14 жастан 35 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматы үміткер бола алады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елімізде 2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен шығармашыл жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталып жатыр. Грант конкурстық негізде 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін беріледі. Олар: «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» және «Волонтерлік» бағыттары. Грантты жүзеге асыру кезеңдерінде 123 жас азамат республикалық деңгейде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері атанды.

«Қағидаларға сәйкес конкурс екі кезеңде өткізіледі. Бірінші кезең – конкурстық өтінімдерді қабылдау және қарау. Екінші кезең – конкурстық өтінімдерді бағалау және конкурстық комиссияның жеңімпаздарды анықтауы. Биыл грантқа үміткерлердің конкурстық өтінімдерін қабылдау рәсімі 16 маусымнан бастап 18 тамыз аралығында жүргізіледі», – деді спикер Қайрат Қамбаров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Конкурстың қорытындысы бойынша жыл соңына дейін 30 жас азаматқа 3 млн теңге мөлшерінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты берілетін болады. Грантты пайдалану мерзімі бір жылдан аспайды. Конкурс туралы толық ақпарат Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан, сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда жарияланды. Республикалық деңгейде грант аясындағы бағыттар бойынша түрлі жоба үздік атанып, жүзеге асырылды.

ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын 2029 жылға дейін беру жоспарда бар. Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында өңірлік «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын іске асыру көзделген.

2025 жылы әкімдіктердің ақпараты бойынша жергілікті бюджеттен 277 өңірлік грант беру көзделген. Бұл ретте әкімдіктер гранттың саны мен мөлшерін, сондай-ақ бағытын дербес бекітеді.