«Таза Қазақстан»: Бір жылда елде 2,4 млн ағаш отырғызылды

Бүгін, 16:25
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
«Таза Қазақстан»: Бір жылда елде 2,4 млн ағаш отырғызылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«2024 жылдан бастап және 2025 жылдың алғашқы алты айында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында елімізде 874 іс-шара өткізілді. Олардың қатарында республикалық («Таза кәсіп – таза аймақ», «Киелі мекен», «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ» және т.б.) және халықаралық акциялар («Жер сағаты», «Құстардың халықаралық күні») бар. Бұл шаралар барысында 1 млн 414 мың тонна қалдық жиналып, елді мекендерде 2,4 млн. астам ағаш отырғызылды. Мысалы, «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында 29-шы наурызда бірқатар қорықтарда, ұлттық парктер мен резерваттарда бұлақтарды және олардың айналасын тазалау акциясы өтті. Нәтижесінде 21 бұлақ тазартылып, 40,6 гектар аумақта 6,25 тонна қоқыс жиналды», - деді вице-министр.

Оның айтуынша,  «Таза Қазақстан» бастамасы тек қоқыс жинау немесе ағаш отырғызумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – қоғамда экологиялық білім мен мәдениетті қалыптастыру.

«Қалдықтарды сұрыптау және қайта өндеу үшін инфрақұрылым құру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 63 жоба мақұлданды, бұл жыл сайынғы өндеу қуатын 1,1 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде 14 жоба 52,4 млрд теңге сомасына қаржат алды, ал 106,9 млрд теңгеге тағы 23 жоба сараптаманың соңғы сатысында тұр.Мысалы, Қостанай облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және құрылыс қалдықтарын қайта өндеу жобасы іске асырылуда. Қазыргі таңда қоқыс сұрыптау кешені мен жылжымалы ұсақтағыш сатып алынды, монтаждау жүргізілуде. Жоба жыл сайын 50 мың тонна тұрмыстық қалдық және 70 мың тонна құрылыс қалдықтарын сұрыптауды көздейді», - деді спикер.

Вице-министр 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 2 973 полигон болған, алайда, олардың 20%-да (608) ғана қажетті рұқсат құжаттары бар екенін айтты.

«Жағдайды түзету үшін Үкімет 2023 жылы 100 жаңа полигон салу, жұмыс істеп тұрған 8 полигонды кеңейту және 5 полигонды рекультивацилау жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Бүгінгі таңда әкімдіктер 7 жаңа объект салып, пайдалануға берді (Қостанай облысында Лисаковск қаласы, Ақтөбе облысында Мартұқ, Қобда және  Қараулкелді, Қарағанды облысында Абай қаласы, Маңыстау облысында Түпқаран ауданы, Қызылорда облысында Сырдария ауданы), 23 полигон бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеу аяқталды және тағы 18 жоба әзірленуде», - деді Мансұр Ошурбаев.