Белгілі қазақ актері Қайрат Кемалов өмірден өтті

Бүгін, 11:19
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Белгілі қазақ актері Қайрат Кемалов өмірден өтті
Фото: instagram.com/saken_teatry

68 жасында белгілі қазақ актері Қайрат Кемалов өмірден өтті. Қаралы хабарды Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының ұжымы жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, «Қарағанды қаласының құрметті азаматы» Кемалов Қайрат Кемалұлының өмірден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына, барша қазақ халқына шын көңілден қайғырып көңіл айтамыз!

Жаратушы өздеріңізге төзім мен сабыр сыйлап, қазаның артының қайырын берсін! Марқұмның жаны жәннатта, иманы жолдас болсын!» - делінген тетардың Instagram желісіндегі парақшасында жарияланған хабарламада.

Театрдың ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Қайрат Кемалұлы Кемалов 1957 жылы 8 қаңтарда Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде дүниеге келген.

1978 жылы Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясын драма театр актеры мамандығы бойынша бітірген.

1978 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының, 1980-1983 жылдары, 1985-1994 жылдары С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының, 1990-1995 жылдары Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері болған.

1995 жылғы қыркүйектен бері – Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі.

Актер «Қазақ хандығы» – «Алмас қылыш» және «Алтын тақ» 20 сериялы фильмдер циклындағы Керей хан бейнесі арқылы, сондай-ақ көптеген күрделі образдарды шебер сомдап көрерменнің ыстық ықыласына бөленген.

2017 жылы Қазақ хандығы – «Алмас қылыш» фильміндегі Керей хан рөлі үшін «Үздік ер рөлі» номинациясы бойынша марапатталған.

Сондай-ақ актер Түркияда, Африкада өткен халықаралық кино фестивальдерде «Ақ боз үй» көркем фильміндегі Пахраддин би рөлі үшін «Үздік ер адам рөлі» номинациясы бойынша марапатталған.