Қазан айында ауа райы қандай болады?
Синоптиктер қазан айында Қазақстанда ауа райы қандай болатынына болжам жасады. Мамандар республиканың бірнеше өңірі жауын-шашынды болатынын айтты, деп хабарлады Elorda.info "Қазгидрометке" сілтеме жасап.
Синоптиктер болжамынша, қазан айының алғашқы он күндігінде атмосфералық фронттардың жиі өтуімен жаңбыр жауып, найзағай ойнап, желдің екпіні күшейеді.
3-4 қазан күндері республиканың шығысында және оңтүстік-шығысында қатты жауын-шашын жауады. Түнде таулы аймақтарда жаңбыр жылбысқы қарға айналуы мүмкін. Тек кей күндері ғана республика бойынша күн жылы әрі ашық болады.
Бірінші он күндікте ауа температурасы жоғарылайды деп күтілуде. Алғашқы он күндіктің соңында күндізгі ауа температурасының төмендеуі болжанады.
Ал қазан айының екінші он күндігінде елдің басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады. Айдың ортасында бұлтсыз ауа райы және температураның жоғарылауы күтіледі.
Айдың соңында республиканың барлық аумағында суық ауа райының кезекті толқыны болжанады. Жаңбыр, жылбысқы қар, тұман мен көктайғақ құбылыстары, екпінді жел болжанады. Ауа температурасы төмендейді.