Қазақтың ұлттық тағамдарын білесіз бе


Қазақ халқы үшін ақ дастарханнан әрі дәмнен үлкен нәрсе болмаған. Дастарханда бұрыннан қолданылатын тағамдардың негізгі түрлерін еттен, сүттен, қымыздан, сарымайдан, құрттан әзірлеген. Elordainfo.kz сайты назарларыңызға қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынады.
Ұннан әзірленетін ұлттық тағамдардың бірі – бауырсақ. Ол үш-төрт бұрышты, сопақша, домалақ пішінде пісіріледі. Көлемі мен сапасына қарай ол ши бауырсақ, тұш бауырсақ, бармақ бауырсақ, жалпақ бауырсақ және т.б. деп аталады.
Ұн, бидай жармасынан дайындалатын тағамдардың біріне быламық жатады. Оны әзірлеу үшін әуелі ұнды қазанға салып, аздап қуырады. Оған қойдың іш майын қосады және үстіне қайнаған су құяды. Кейін оны араластырып отыру керек.
Ет – қазақ халқының ежелден келе жатқан ұлттық тағамы. Оны алдымен салқын сумен тазалап жуып, үлкен қазанға салып пісіреді. Оған су құйылып, дәміне қарай тұз салынады. Бір айта кетерлігі, отты біртіндеп күшейтеді. Ал қайнату кезінде көбік жиналғанша оны сүзгімен алып отырады. Ет піскен соң сүзіп алынады. Кейін сорпаны қатты отқа қайнатып, қамыр салады. Сондай-ақ сорпасы дәмді болу үшін сарымсақ, лавр жапырағын қосуға болады.
Айта кетерлігі, тағамдардың ішінде ет – өте құнды. Себебі оның құрамында ағзаға қажетті пайдалы заттар бар.
Сондай-ақ бұл тағамдардың қатарына құртты жатқызуға болады. Оны дайындау үшін алдымен сабада жиналған іркітті пісіреді. Оның майын алған соң түбіне май жағылған қазанға құйып, оны қайнатады. Ал қазанның түбі күйіп кетпеу үшін бұлғауышпен ақырындап араластырып отырады. Кейін құртты дорбаға құйып, төбеге іліп қояды. Онда құрттың қалған суы ағып, құрғайды. Бұл сүзбе болады. Сосын оны қолмен бөліп, әртүрлі пішінде сықпалап, жайып қояды. Жалпы дұрыс әзірленген құрт екі-үш жылға дейін сақталады.
Бие сүтінен ашытылған сусын қымыз деп аталады. Ол – көшпелі халықтың ықылым заманнан бері келе жатқан дәстүрлі тағамы. Бие құлындап, құлын есейген уақытта халық бие байлайды. Қымыз ашығанда ол ауыл адамдарына ұсынылады. Бұл шамамен қазан айының басына дейін жалғасады. Негізінен қымыздың жақсы болуы ыдысына, ашыту тәсіліне, ұстау бабына тікелей байланысты болып келеді.
Жыл басы яғни наурыз айында наурыз көже жасалынады. Оған кемінде 7 түрлі азық салынады. Олар: бидай, тары, қамыр, ет, тұз, су, сүт. Әсіресе еттен соғымнан арнайы сақталған мүшелер, атап айтсақ, қазы, қарта, шұжық және т.б. қосылады.
Бір айта кетерлігі, наурыз көжеге барлық ауыл бала-шағасымен шақырылады.
Бүгінгі таңда 22 наурыз мемлекеттік мереке ретінде қабылданған. Мейрам еліміз бойынша ресми түрде атап өтіледі. Бұл уақытта наурыз көже молынан жасалынады.