Қазақстан туризм бойынша Еуропаның топ-35 елінің қатарына енді

Бүгін, 14:46
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Қазақстан туризм бойынша Еуропаның топ-35 елінің қатарына енді
Фото: Freepik

2024 жылы Қазақстандағы халықаралық қауымдастықтардың іскерлік іс-шаралар сегментіндегі қызмет экспортының жалпы көлемі 4,6 миллион АҚШ долларын құрады, деп хабарлады Elordainfo.kz Kazakh Tourism баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының (ICCA) жаңа жаһандық рейтингіне сәйкес еліміз халықаралық MICE іс-шараларына тартымдылығы жағынан кезекті рет Орталық Азиядағы көшбасшы атанып, Еуропаның топ-35 елінің қатарына енді.

2024 жылы Қазақстан іскерлік форматтағы 14 халықаралық іс-шараны қабылдады. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен 3800 жуық делегат қатысты. Бір қатысушының елімізде жұмсаған орташа қаржысы 1240 АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіштер Қазақстанға жаһандық рейтингте екі сатыға көтерілуге және өткізілген іс-шаралар саны бойынша 134 елдің ішінде 78-ші орынды иеленуге мүмкіндік берді.

ICCA рейтингінде тек тұрақты өтетін, кемінде 50 қатысушыны жинайтын және үш немесе одан да көп елдер арасында ауысып ұйымдастырылатын халықаралық қауымдастықтардың іс-шаралары есепке алынады. 2024 жылғы әлемдік қалалар рейтингісіне Қазақстанның екі қаласы да кірді. Алматы 9 іскерлік іс-шара өткізіп, 251 позицияны иеленді, Астана 5 іс-шарамен 367 орынға жайғасты.

Қазақстанның іскерлік туризмін дамытуда «MICE-туризм елшісі» бағдарламасы маңызды рөл атқарады. 2021 жылдан бастап Kazakh Tourism 40 елшіні тағайындады. Олар Қазақстанды іскерлік туризм орталығы ретінде ілгерілетуге және маңызды халықаралық іс-шараларды тартуға қолғабыс етеді.

«Конгрестік-іскерлік туризмді дамыту - бұл қысқа мерзімді экономикалық пайда ғана емес, сонымен қатар жаһандық диалог, салалық ынтымақтастық және тұрақты өсу алаңы ретінде Қазақстанның ұзақ мерзімді имиджіне инвестиция. Kazakh Tourism мен елшілердің бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстанда соңғы бес жылда 13 мыңға жуық шетелдік делегаттардың қатысуымен 51 ірі халықаралық іс-шараны сәтті өтті. Ел экономикасына қосылған жалпы үлес орта есеппен 17 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл шетелдік делегаттардың жалпы шығындарынан қалыптасады және ғимараттарды жалға алу және қонақ үйде тұру ғана емес, көлікті пайдалану, тамақтану және басқа да қызметтерді сатып алуды қамтиды», - деп атап өтті Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов.

Іскерлік іс-шаралар күнтізбесіндегі кезекті маңызды оқиға - 2025 жылғы 18-22 тамыз аралығында Астанада өтетін IFLA Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі. Кітапхана ісі саласындағы ең ірі іс-шара Қазақстанда әлемнің 130-дан астам елінен 4000-ға жуық делегатты біріктіреді. Бұл Қазақстанның іскерлік туризм үшін перспективалық алаң ретіндегі халықаралық мәртебесі артқанын тағы бір мәрте дәлелдейді.