Қазақстан мен Өзбекстан стандарттау және метрология саласындағы іс-қимыл жоспарын мақұлдады


Астанада Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Өзбек техникалық реттеу жөніндегі агенттігінің делегациясымен ресми кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Келіссөздер шеңберінде тараптар техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау және метрология саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі аспектілерін талқылады. Сәйкестікті бағалау саласындағы ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде саудадағы техникалық кедергілер және санитариялық-фитосанитариялық шаралар, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мәселелері жөніндегі ақпараттық орталықтың жұмыс істеуі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Талқылау стандарттау саласындағы, оның ішінде ұлттық стандарттарды халықаралық және өңірлік нормативтермен үйлестіру контекстіндегі өзара іс-қимылды тереңдету перспективаларын да қамтыды. Тараптар техникалық реттеу саласындағы қолданыстағы заңнама туралы ақпарат алмасты, осы саладағы құқықтық қамтамасыз етудің ағымдағы тәсілдерін талқылады және реттеуші тәжірибелерді одан әрі жақындастыруға мүдделілік білдірді.
Кездесудің қорытындыларының бірі «Қазақстандық стандарттау және метрология институты» РМК мен «Өзбек ғылыми сынақтар және сапаны бақылау орталығы» мемлекеттік мекемесі арасындағы сәйкестікті бағалау саласындағы 2025-2026 жылдарға арналған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қызметті іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Құжат екі тараптың практикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге, білім алмасуға және халықаралық стандарттарға сәйкес өнімдер мен қызметтердің сапасын арттыруға деген ұмтылысын көздейді.
Тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін растады және қол жеткізілген уағдаластықтар екі ел арасындағы техникалық реттеу және стандарттау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.



