«Авиаотынды қымбатқа сатқан»: Елімізде 11 әуежайға қатысты тергеу басталды

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі көтерме және бөлшек сауда нарығына жүргізген талдау нәтижесінде әуе отыны құнының негізсіз өсу фактілерін анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстанда отандық әуе компаниялары авиакеросинді жер қойнауын пайдаланушылардан тікелей, мемлекеттік жеткізу кестелері арқылы алады. Ал шетелдік әуе тасымалдаушылар көтерме және бөлшек жеткізушілерден сатып алады.
Мұнай өнімдері (бензин, дизель отыны, әуе керосині) нарығында баға белгілеудегі артық әрекетті азайту мақсатында, яғни мұнай жеткізушілері (жер қойнауын пайдаланушылар) тарапынан шектеулі ресурстың аффилиирленген делдалдарға өткізілуінен туындайтын жағдайға жол бермес үшін монополияға қарсы орган мұнай өнімдерін бөлудің процестерін цифрландыруға және ретке келтіруге бағытталған «Негізгі қуат» қағидаларын қабылдады.
Әуе керосині нарығында баға белгілеуге әсер ететін бәсекелестікті шектеудің басқа тәжірибесі қалыптасты. Ол әуе керосині жеткізушілерін әуежайлардың сақтау және өткізу инфрақұрылымына жіберуден бас тарту әдісі.
«Әуежайлар немесе онымен аффилиирленген ұйымдар халықаралық жолаушылар және жүк әуе тасымалдаушыларына әуе керосинді бөлшек саудада сатқан жағдайда, оның құны 60%-ға дейін өседі. Қазақстан әуежайларындағы әуе керосині бағасы көршілес елдердегіден 5–30% жоғары, бұл соңғы бес жылда жүк әуе тасымалдарының 36%-ға, халықаралық қатынастардың 58%-ға төмендеуіне әкеліп соқты», - делінген хабарламада.
Әуежайлардың әуе керосин өткізумен айналысуы 2017 жылы табиғи монополия субъектілерінің өзге, реттелмейтін қызмет түрімен айналысуға қойылған шектеулерді алып тастағаннан кейін және әуежай қызметі тарифінен ұсталып тұруына байланысты басталды. Нәтижесінде әуежайлардың қызметін қаржыландырудың 80%-ға жуығы әуе керосинін сатудан түскен кіріс есебінен қамтамасыз етіліп отыр.
Сонымен қатар әуежайлардың негізгі қызметінен алынатын кіріс заңнамаға сәйкес табиғи монополия ретінде реттелсе, әуе керосинді жоғары бағамен сатудан алынған кірісті пайдалану мемлекет тарапынан бақыланбайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлығын іске асыру аясында агенттік әуежай аумағындағы әуе керосинді сақтау қызметіне қол жеткізу бойынша «Негізгі қуат» қағидаларын әзірледі. Олар әуекомпаниялармен келісімдері бар барлық жеткізушіні қамтамасыз етеді және әуежайлардың шарт жасасудан бас тартуына жол бермейді.
Бірқатар әуежайда инвестициялық жобаларды аяқтау үшін, инвестициялық жобалар аяқталғанға дейін әуе керосинін өткізу қызметін жалғастыру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ретте қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылау жүзеге асырылады.
Сондай-ақ әуежай инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі шара бастау алды. Оған әуежайлардың кейбір қызмет тарифін ішінара реттеу және ұлғайту арқылы олардың шығынсыз жұмысын қамтамасыз ету, импорттық әуе керосинді әкелуге қойылған шектеулерді алып тастау және өзге де шаралар кіреді.
«Сонымен қатар Агенттік авиакеросинге монополиялық жоғары баға белгілеу бойынша 11 әуежайға қатысты тергеп-тексеру бастады. Ол «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ, «Қорқыт Ата әуежайы» АҚ, «Сары-Арқа әуежайы» АҚ, «Шымкент әуежайы» АҚ, «Әулие-Ата халықаралық әуежайы» АҚ, «Қостанай халықаралық әуежайы» АҚ, «Өскемен халықаралық әуежайы» АҚ, «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ, «Орал халықаралық әуежайы» АҚ, «Семей халықаралық әуежайы» ЖШС, «Жезқазған-Эйр» әуе компаниясы» АҚ. Сонымен қатар әуе керосинді қайталама көтерме өткізу нарығындағы жеткізушілерге қатысты да тексеру жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.



