00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Орталық саябақ: Астаналықтардың қызықты демалысы үшін қандай қызметтер ұсынады

Орталық саябақ: Астаналықтардың қызықты демалысы үшін қандай қызметтер ұсынады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Жыл сайын жаз шыға саябақтарда серуендеп жүретін елордалықтардың саны артады. Әсіресе демалыс күндері адам қарасы жиілейді. Елордада балғындар түрлі әткеншектер теуіп, үлкендер таза ауада сейіл құратын сүйікті демалыс орындарының бірі – Орталық саябақ пен Атырау көпірі.

Бұл  – бас шаһар тұрғындарын күнделікті күйбең тірліктен демалып, жан рақатын сезіндіретін мекен.  Демалыс мекенінің іші түрлі қызыққа толы.

Нұра ауданына қарасты «Орталық саябақ» директорының орынбасары Нұржан Нұрғабыловтың айтуынша, аталмыш орын отбасымен және достармен ашық аспан астында бас қосқанға таптырмас жер.

Орталық саябақтың аумағы – 16 гектар. Бұл аумақтың басым бөлігіне жасыл желектер егілген. Мұнда уақытты пайдалы өткізетін арнайы алаңдар бар. Мәселен, мұнда ересектер мен балаларға арналған аттракциондар, медитация, пикник ұйымдастыруға арналған орындар, фуд-корд,  тіпті «ОАЗИС» деген демалыс аймағы бар. Мұнда келушілер ашық аспан аясында суға түсіп, уақытын қызықты өткізе алады. Одан бөлек, елорда тұрғындары мен қонақтары орталық жағажайға барып та, суға шомыла алады. Аймақ стандартқа сай барлық қажетті жабдықтармен қамтылған, - деді Н.Нұрғабылов.

Саябақта спортпен шұғылдануға да барлық жағдай жасалған. Сондықтан демалушылар саябақ ішінде велосипед теуіп, жаттығу жасап, дене шынықтырумен айналысса болады.

Біз жыл сайын аттаркциондарды жаңартып тұрамыз. Биыл соңғы үлгідегі аттаркциондарды орнаттық. Мәселен,  «Жетінші аспан» аттракционының биіктігі – 30 метр. Мұнда демалушылар қаланы 30 метр биіктіктен тамашалай алады. Бұл нағыз экстримді сезінгісі келетіндерге арналған, - деді спикер.

Иә, мұнда басты қызықтардың бірі аттракциондар екені рас. Ойын автоматтарында сәттілікті сарапқа салуға, темір тұлпарды тізгіндеп, шабандоз атануға және биікке көтерілуге болады.

Қазір саябақта ересектер мен балаларға арналған 30-ға жуық аттракцион бар. Бұлардың 70 пайызы – итальяндық. Олардың жұмыс кестесі – әртүрлі. Әлбетте, балаларға арналған аттракциондар таңғы сағат 10-нан бастап, ал эстремалды аттракциондар түстен кейін жұмыс істейді. Олардың бағалары – 500-2500 теңге аралығында, - деп бөлісті директордың орынбасары.

Демалыс аймағына келушілер қатары жыл сайын артып келеді.

Жыл сайын мамыр мен қыркүйек айларында шамамен  1 миллионға жуық адам келеді. Саябаққа  қазақстандықтардан бөлек, шетелдік туристер де қызығушылық танытатыны байқалады, - деді спикер.

Спикердің айтуынша, саябақты абаттандыру мәселесі де назардан тыс қалмайды.

Биыл 70 түп ағаш отырғызылды. Олардың басым бөлігі – көпжылдық ағаштар. Біз саябақты барынша жан-жақты дамытуға тырысамыз. Өйткені, өздеріңіз көріп тұрғандай, саябақ – көпфункцияналды, - деді Н.Нұрғабылов.

Орталық саябақтың бірыңғай жаяу жүргіншілер аумағы   Атырау көпірімен жалғасып жатыр. Бұл көпірді қаланың 20 жылдық мерейтойына орай Атырау облысы салып, сыйға тартқан болатын. Көпірге жоғарыдан қарасаңыз, оның пішіні бекіре балығына ұқсайды. Көпірдің ұзындығы – 313,5 метр, ені -10,5 метр. Ол жаяу жүргіншілер мен велосипед тебушілерге арналған.

Бұл көпір пайдалануға берілген күннен бастап Орталық саябаққа келушілер саны бірнеше есеге артқан.

Мұнда әсіресе жұма кешкілік және демалыс күндері адам өте көп келеді. Саябақта тегін түрлі шеберлік сабақтары өткізіледі. Ал биылдан бастап Қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қазақ және ағылшын тілдерін үйретуден курс ұйымдастырады. Бұл – басқарманың өзінің жобасы. Ал біз оқытушылармен білім алғысы келетін жандарға жағдай жасауға көмектесеміз.  Саябақта кешкілік сейіл құрып, балмұздақ сатып алып, отбасыңызбен уақыт өткізуге болады. Сондықтан орталық саябаққа келіңіздер, - деп сөзін түйіндеді спикер.

Сондай-ақ Есіл өзенінің жағалауында амфитеатр бар. Жаз уақытында мұнда концерттер ұйымдастырылады. 

Бір айта кетерлігі, жыл маусымдары ауысқан сайын саябақ әкімшілігі ұсынатын қызмет түрлері де өзгереді. Ал қыс мезгілінде келушілер орталық саябақта шаңғы және  мұз айдынында коньки тебе алады.