00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ассамблея ақсақалдар институтын дамытады – сенатор

25 сәуір, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Ассамблея ақсақалдар институтын дамытады – сенатор
коллаж: Елтай Нұрғазин

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында мемлекеттілікті нығайтатын бірқатар бастаманы көтерді. Дұрысы, ұлттық кодымызда бар құндылықтарды қайта жаңғыртып, жаңаша сипат беруді ұсынды, деп хабарлады Elorda.info.

Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов айтты. 

Дала демократиясында хан-сұлтандар институтымен бірге, елді сыртқы жаудан қорғайтын батырлар және ішкі және сыртқы дау-дамайдан сақтайтын билер жоғары бағаланды. Сонымен бірге ақсақалдар институтының өзіндік орны болды. Рас, ақсақалдар ауыл-аймақ пен ағайын-туыстың ішкі мәселесін терең зерттеп, кез келген түйткілді түйіндерді тарқатуда дұрыс шешімдер шығарып, елдің бірлігін бекемдеп отырды.

Міне, осындай институт ретінде, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптеп, елдің бірлігін нығайтып, Парламентпен, жергілікті билікпен тығыз қарым-қатынас орнатып, іргелі қоғамдық институтқа айналдыру керектігі айтылды. Бұл – құптарлық іс. Өйткені, қазір елдің ауызбіршілігі мен татулығын арттыру жауапкершілігін өз мойнына алып, ұлттық бірегейлікті, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін беделді, белсенді институт ауадай керек болып тұр.

«Ең алдымен Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түскен абзал. Министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы грант бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беруі керек», – деп тапсырды Президент.

Бұл дегеніңіз, қоғамның әр сатысында, әр саласында ақсақалдардың белсенділігі артып, өңірлік және мемлекеттік істерге араласып, өздерінің бай тәжірибесімен елдің одан ары дамуына әсер етіп, жастарға тағылымды үлгі көрсете береді деген ойдамыз.