«Қарызға батып шалуы міндет емес»: Нұрлан имам Құрбан айт туралы айтты


Алда келе жатқан Құрбан айт – күллі мұсылман үшін аса маңызды мейрам. Құлшылық пен қайырымдылық қатар жүретін қасиетті үш күн жайлы бізге имам Нұрлан жан-жақты түсіндіріп берді.
Құрбан айттың мәні неде?
– Құрбан айт – шариғаттағы атымен “ъид”, яғни “мереке”, ал “құрбан” сөзі “жақындау” деген мағынаны білдіреді. Бұл – Аллаға құлшылық және қайырымды істер арқылы жақындау деген сөз. Шариғатта құрбан – Алла разылығы үшін, белгіленген малды арнайы ниетпен, шарттарын сақтай отырып шалуды білдіреді.
Мұсылманның өміріндегі барлық іс-әрекеті, оның ішінде мерекесі де Алламен байланысты болуы керек. Құранда: «Расында, менің намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де – бүкіл әлемнің Раббысы Алла үшін» делінген. Құрбан айт – дәл осы ұлы мақсатқа бағытталған, мұсылманның жан дүниесін байытатын ерекше күн. Ол – тек ұлттық немесе мәдени мереке емес, рух пен жүрек мейрамы.
Айт күні қандай амалдар орындалады?
– Құрбан айт күні мұсылман таңды Алланы еске алумен, оянған бойда «Мен бүгін Аллаға жақындауым керек» деген ниетпен бастауы керек. Бұл – ішкі рухани сілкініске апаратын алғашқы қадам.
Мешіттерде күн шыққаннан кейін Құрбан айт намазы оқылады. Бұл – жамағатпен оқылатын екі ракағат намаз. Намазға баратын адам әдемі киініп, хош иіс сеуіп, мерекелік көңіл күймен баруы – сүннет. Намаздан кейін бір-бірімен қауышып, шүкіршілік айтып, бата тілеп, дұға жасаған абзал. Содан кейін ғана құрбан шалу рәсімі басталады.
Айт күні тек мал шалу ғана емес, рухани амалдарға да көңіл бөлу керек. Ренжісіп жүргендермен татуласу, науқастар мен қарияларды зиярат ету, жетім мен мұқтаждың көңілін табу – осының барлығы Құрбан айттың шынайы мәніне сай келеді.
Айт намазы қалай өтеді?
– Құрбан айт намазы – уәжіп амал. Яғни, жұма намазындай міндетті болмаса да, ер адам үшін өте маңызды. Бұл – имамға ұйып, жамағатпен ғана оқылатын намаз.
Намазға қатысты шарттар:
Әйелдерге міндет емес, бірақ баруға тыйым жоқ.
Азат адам болуы – ауыр міндеті бар қызметкерлер мен тұтқындарға жеңілдік бар.
Жергілікті тұрғын болуы – сапарда жүргендер босатылады.
Денсаулық жағдайы – науқас немесе науқасты күтуші болса, міндетті емес.
Елді мекеннің болуы – мешіті жоқ ауылда немесе жамағат жиналмаса, оқылмайды.
Намаз уақыты: күн шыққаннан 50–55 минут өткеннен бастап бесінге дейін.
Айт намазына азан мен қамат айтылмайды.
Айттан кейін «Тәшриқ тәкбірі» айтылып тұрады:
Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһә иллАллаһу уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд – мұны Арапа күнінің таңынан бастап, Құрбан айттың төртінші күнінің екінті намазына дейін айту – сүннет.
Құрбан шалу кімге міндет?
– Құрбан шалу мынадай талаптарға сай мұсылманға уаҗіп (міндет):
Мұсылман болуы;
Балиғат жасына толуы;
Нисап мөлшерінде (байлық шегінен асатын) мал-мүлкі болуы.
Қарызға батып шалуы міндет емес. Алайда шын ниетімен, ерікті түрде шалу – сауапты іс.
Қандай мал құрбандыққа жарамды?
– Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе шалынады.
Қой, ешкіні – бір адам шалады;
Сиыр, түйені – жеті адамға дейін ортақтасып шала алады.
Малдың жасы:
Қой, ешкі – 1 жастан асқан (кейбір жағдайларда 6 айлық ірі, семіз қой жарайды);
Сиыр – 2 жастан асқан;
Түйе – 5 жастан асқан.
Мал кемістігі болмауы тиіс:
Ауру, тым арық, көзі соқыр, құлағы кесілген, тісі жоқ, ақсақ, құйрығы кем мал жарамайды;
Құлағы жыртылған, сырғасы бар немесе піштірілген болса – жарамды;
Құрбандық малының терісі, ішек-қарны, басы, аяғы тасталмауы тиіс – қолданылмаса, садақа еткен жөн.
Құрбан шалу тәртібі мен әдебі қандай?
– Құрбан айт намазынан кейін басталып, үш күнге дейін жалғасады. Бұрын шалу – нәпіл құрбандыққа жатады.
Әдебі:
Малдың бетін құбылаға қарату;
«Бисмиллә, Аллаһу әкбар» деп бауыздау;
Пышақты малдың көзінше қайрамау;
Мал жаны шыққанша күту;
Өрескел әрекетке жол бермеу – аяқпен тебу, лақтыру, жұлқылау – тыйым.
Құрбандық етін қалай бөлу керек?
– Егер отбасы мүшесі көп болса, барлығын өзіне қалдыруға болады. Себебі, бірінші мұқтаж – өз отбасы.
Ал жағдайы келетін кісі етті:
1.Бір бөлігін өзіне;
2.Бір бөлігін туыстары мен көршілерге;
3.Үшінші бөлігін мұқтаждарға таратады.
Түгелдей таратып жіберуге де болады. Ең бастысы – шынайы ниет пен ықылас.
Құрбан айт – ет жеу емес, жүрекке жылу сыйлау, мейірімділік пен рухани тазару мерекесі. Бұл күндері әр мұсылман жүрегін жұмсартып, жанын ізгілікке жақындата алса, нағыз мейрам – сол болмақ.
Материалды дайындаған: Ақнұр Айболқызы