«Арнайы рұқсаты жоқ»: елімізде жеті жеңіл ұшақтың ұшуы уақытша тоқтатылды

Бүгін, 16:16
Айман Нығмет Айман Нығмет
views71
«Арнайы рұқсаты жоқ»: елімізде жеті жеңіл ұшақтың ұшуы уақытша тоқтатылды
Фото: Freepik.com

 

25 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның алдын ала қорытындысы көлік вице-министрі Талғат Ластаев өткізген кеңесте айтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жалпы мақсаттағы авиация пайдаланушыларының 31 әуе кемесіне тексеру жүргізіп, азаматтық авиация саласындағы нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталмағанын анықтады. Нәтижесінде 7 жеңіл ұшақтың ұшуы уақытша тоқтатылды.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі заңнамада белгіленген өкілеттіктер аясында ЖМА операторларының қызметіне, оның ішінде жеке тұлғалардың заңсыз ұшулар туралы өтініштері бойынша, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы және әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға мониторинг жүргізу арқылы жұмысты жалғастыруда.

«Соңғы кездері әлеуметтік желілерде (Instagram, TikTok, Telegram)«эксклюзив», «экскурсия» және басқа да рейстерге арналған жарнамалар жиілеп кетті. Олардың көпшілігінде арнайы рұқсаттар жоқ»,- делінген министрлік таратқан хабарламада.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға ақылы немесе жалдамалы әуе тасымалдарын, авиациялық жұмыстарды орындауға тыйым салынғанын ескертеді.

Талаптарды бұзған операторлар заңда көзделген жауапкершілікке тартылады.