«Қарлығаш» балабақшасының өкілдері мектепке дейінгі ұйымдармен тәжірибе алмасты
Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері Өскемен қаласының мектепке дейінгі ұйымдарымен тәжірибе алмасты, деп хабарлады Elorda.info.
Балабақша педагогтары қаладағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған валеологиялық мектеп-кешенінің жұмысымен танысты. Экскурсия барысында «Балалар университеті»: STEM-зертхана, ойын технологиялары, «Тұлғаны дамыту», психологиялық қолдау және диагностика, «Мейкерспейс» зертханаларын аралады.
Кездесу аясында «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Қазақпаева «Желілік балабақша моделі» презентациясын ұсынып, балабақшаның атқаратын қызметі, оқытудың инновациялық әдістерімен таныстырып, балалардың денсаулығын сақтау және нығайту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Қаладағы мектепке дейінгі ұйымдарымен кездесулер аясында ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында қолданылып жүрген әдістемелер, инновациялар мен пилоттық жобалар туралы да ақпараттар ұсынылды. Сондай-ақ, «Қарлығаш» балабақшасының заманауи қызметтерді көрсететін республика бойынша мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің көшбасшысы ретінде өз тәжірибесін өңірлердің мектепке дейінгі ұйымдарына таратуға дайын екендігі атап өтілді, - деді «Қарлығаш» балабақшасының директоры Бейбітгүл Қазақпаева .
Айта кетейік, биыл осы форматтағы іс-шаралар тізбегін ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізу жоспарланып отыр. Бұған дейін балабақша өкілдері делегация құрамында Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Шымкент қаласында болып қайтты. Мақсат – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың инновациялық әдістемелерін дамыту саласында тәжірибе алмасу.