«ҚТЖ» ұжымы коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай таратты
Астанада қар жаууына байланысты коммуналдық қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Соған байланысты «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның еңбек ұжымы көшелерді қардан тазалау жұмысына жұмылдырылған еңбеккерлерге ыстық шай мен бауырсақ таратты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы етіп жариялады. Осыған орай біз, яғни «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның қызметкерлері күн сайын кез келген ауа райында қалада жайлылық пен тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген жандарға алғысымызды білдірдік. Игі іс-шараға 20 шақты адам қатысты. Біз 60-70 шақты адамға ыстық шай мен бауырсақ тараттық. Жалпы мұндай акцияларды біз жиі ұйымдастырып тұрамыз», - деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Астана қаласы бойынша тасымалдауды басқарудың автоматтандырылған орталығының бағыттар бойынша аға диспетчері Санат Жүрсін.
Ал өз кезегінде астаналық коммуналдық қызметкерлер ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
«Уақыт тауып, осындай игі іс-шараны өткізген ұйымдастырушыларға рақмет. Қолға алған әрбір істеріңізге береке тілеймін. Халқымыз әрдайым ауызбіршілікте, татулықта болсын. Еліміз өсіп-өркендей берсін», - деді коммуналдық қызметкерлер.