00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қандай кино көріп жүрміз?

22 желтоқсан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қандай кино көріп жүрміз?
Фото: Elordainfo.kz

Қай елде болмасын кино идеологияның құралы болып саналады. Бүгінгі таңда ол тек өнер ғана емес, сонымен қоса бизнес деуге болады. Мәселен, үлкен экранға шыққан фильмнен қайтарым болмаса, онда даму да болмайды. Көпке ой саларлық әрі жоғары сапалы фильм түсіру үшін бірінші кезекте қаржы керек. Ал қазіргі таңда отандық киноиндустриясы тек бизнес бағытына бағыт бұрып кеткен секілді.

Сарапшы Айгүл Ешмағамбетованың айтуынша елімізде соңғы бес жылда жеке қаржыға түсіріліп жатқан фильмдер қарқынды дамуда. 

Киносүйер көрермен қызығушылық танытып, кезекке тұрып, билет алып киноға барса, демек ол киноның сәтті шыққаны деп есептеймін. Тіпті олардың арасында әлемдік деңгейдегі шедевр болмаса да бастысы даму бар. Қазақ киносының келешегі әлі алда. Менің ойымша, осындай қарқынмен алға жылжи берсе, болашақта фильмдердің ішінен сапалы дүниелер де шығады. Кәсіби режиссерлер, талантты актерлер, жаңа есімдер көбірек шығады деген сенімдемін, - деді сарапшы.

Оның айтуынша, негізінен отандық кино қазір комедия мен драма жанрында көбірек түсіріледі. Мұның басты себебі қаржыға келіп тіреледі. Өйткені фэнтези, тарихи жанрдағы фильмдерді түсіру үшін декорацияларға қаражат көп жұмсалады. 

Телеарналардың қаржыландыруы арқылы сериалдар түсіріліп жатыр. Бірақ мемлекеттік қаржыға түсірілетін фильмдердің сапасы – өте төмен. Алайда оларға өте көп қаржы бөлінетінін білеміз. Сондай-ақ млрд-таған қаржы бөлінген кейбір фильмдердің тәрбиелік,  идеологиялық мәні жоқ. Ондай фильмдер түсірілімге кеткен шығынды да қайтара алмайды. Өкінішке орай қазақ сериалдары бүгінгі таңда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас тақырыбынан аттай алмай отыр. Бұл – өте өкінішті жағдай, - деді спикер.

Сонымен қоса, Айгүл Ешмағамбетованың пікірінше, сериалдарға  түсуге рейтинг үшін танымал блогерлер шақыру әдетке айналған.

Мемлекеттік қаржыға түсірілетін кино мен сериалдарда идеологиялық цензура болу керек. Мәселен, бұл кино көрерменге не береді? Не нәрсеге үйретеді? Қандай тәрбиелік мәні бар?  деген сауалдарға жауап беруі қажет. Алайда қазіргі сериалдардан мұндай талаптардың көбісі орындалмай отырғанын байқап отырмыз. Сериалдарда  да рейтинг үшін танымал блогерлер, әншілер, түсіріледі. Кейін олар ұлттық арналардағы теледидардан бүкіл Қазақстанға көрсетіледі. Ал актердің оқуын оқып, театрларда қызмет ететін кәсіби актерлер шетте қалып отыр,- деді ол.

Оның пікірінше, мемлекеттік қаржы жұмсалатын жобаларға тек кәсіби мамандар шақырылуы тиіс.

Мемлекеттік қаржы жұмсалатын арналарда, кинода, жобада тек кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек. Мәселен, телеарналарда кәсіби журналист, киноларда кәсіби актерлер, режиссерлер қызмет етуі тиіс. Өйткені бұл жобаларға халықтың ақшасынан қаржы бөліп отыр. Бастысы бір саланың адамдары басқа саланың адамдарының нанын жемей, рейтинг қумай, сол саланың жұлдыздарын тәрбиелеуі керек. Әр саланың өз жұлдызы болуы керек деп санаймын. Ал жеке қаржыға түсірілетін фильмдерге режиссерлер, кәсіпкерлер танымал блогерді, туған-туыстарын, достарын, түсіре берсін. Бұл – олардың жеке құқықтары. Біз демократиялық елде тұрамыз. Ал мемлекеттік арналарда кәсіби мамандар қызмет етуі қажет деп есептеймін, - дейді сарапшы.

Сонымен қатар сарапшы жеке қаржыға түсірілген кино сол жұмсалған қаржыны қайтара білуі керек екендігіне де тоқталды.

Егер сіз 1 млн теңгеге кино түсірсеңіз, оны теледидар немесе YouTube-та көрсетіп, бизнес ретінде шыққан шығынды қайтара алсаңыз, демек киноиндустрия дамып жатыр. Киноиндустрия – креативті экономиканың бір үлкен саласы. Бұл – бүкіл әлемде солай. Ал креативтік экономиканың дамуы бір нәрсемен өлшенеді. Ол – бизнес тұрғысынан қарау. Мәселен, жеке кәсіпкер, инвестор кино түсіруге өзінің жеке қаржысын салса, кеткен шығынды қайтару керек. Тіпті оның үстінен пайда табу қажет, - деді ол.

Қазіргі таңда жеке қаражатқа түсіріліп жатқан фильмдер жұмсалған шығында қайтаруда. Оған қоса, кинотүсірушілер үстінен мол пайдаға кенеліп жатқаны рас.   

Еліміздің киноиндустриясы дамуда. Әлбетте, түсірілген киноның сапасына, тәрбиелік мәніне, жанрына қатысты көп адамда сұрақтар пайда болуы мүмкін. Алайда біз отандық киноиндустрияның әлі жас екенін, ол даму үстінде екенін ескеруіміз қажет. Кез келген көрермен қай киноны көретінін өзі таңдауы тиіс. Егер біз жеке қаржыға түсірілетін киноға цензура қоятын болсақ, онда Совет үкіметінің заманына ораламыз. Менің ойымша, үлкен прокатқа шыққан фильм жаман болса, оған ешкім де бармайды. Нәтижесінде кино шығынды жабуы тиіс кассаны жинай алмайды, - деп пікірін түйіндеді сарапшы.   

 Күнделікті күйбең тіршілік барысында жұмысбасты адамның өз баласына уақыты бола бермейді. Сондықтан қазіргі балаларды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Бұл туралы медиатренер Салтанат Әскербекқызы айтты.

Өкінішке орай әлеуметтік медиа арқылы жастар әртүрлі мәдениетті, идеологияны бойға сіңіруде. Медиа сауат тұрғысынан алсақ, қолында гаджет-смартфоны бар кез келген адам қандай да бір контентті көреді. Сол арқылы ол қандай да бір жағдай бойынша пікір қалыптастырады. Шешім қабылдауда қателеспес үшін олардың  сыни ойлай білу қабілеті болуы тиіс. Нәтижесінде олар әр ақпаратты саралай алады. Алайда елімізде сыни ойлай алатын адамдардың қатары аз, - деді медиатренер.

Ал дамыған елдерде медиасауаттылықты азаматтар бүкіл отбасы, бала-шағасымен бірге оқиды. 

Сондықтан біз балаға смартфон алып берген кезде оны қолдану мәдениетін, этикасын, зиянын да үйреткеніміз жөн. Көрерменге жол тартқан кинолардан қысқа үзінділерді әлеуметтік желілерге салып, сілтеме қалдырады. Бұл – көрермен назарын ұстау құралы. Өкінішке орай, қазіргі қазақстандық аудитория ойын-сауық, көңіл-көтеру контентін көп көреді. Тіпті солар қазір үлкен сұраныста тұр, - деді Салтанат Әскербекқызы.

Медиатренердің айтуынша, қазір танымал азаматтар касса жинау мақсатында фильмдерде этикаға жатпайтын нормаларды көрсетуде.

Жеке қаражатқа кино түсірушілер фильмде этикаға жатпайтын көптеген дүниелерді көрсетіп жатыр. Бұл арқылы олар көрермен назарын өздеріне тартуда. Оның артында мол табыс табуды көздеу жатыр. Фильмде қыздарды кемсіте салу, мазақтай салу, адамға қалай болса, солай сөйлеу, боқауыз сөздерді айту, ұру, зорлық-зомбылық сахнасын көрсету – бұлардың барлығы теріс идеология.  Өкінішке орай, ондай фильмдерді түсіріп жатқан кинотүсірушілер, режиссерлер жауапкершілік алып жатқан жоқ. Оған қоса, осыған қатысты оларға шектеу қойылып жатқан жоқ, - деді спикер.

Спикер мұндай мәселе заңдық тұрғыдан реттелу керек деп есептейді.

Адамның құқықтарын таптайтын дөрекілік сахналар, боқауыз сөздер айтылатын фильмдер үлкен экрандардан көрсетіліп жүр. Тіпті сол арқылы рейтинг жинап жатқандар бар. Олар аудиторияны қай бағытқа алып бара жатыр? Бұл заңдық тұрғыда реттелу керек деп есептеймін. Халықтың өзі бұл норма еместігін айтып, сын айту керек. Адам құқығын, таптау, дөрекі сөйлесу, адаммен санаспау, ұрып-соғу секілді насихатты қолдауға қарсымын. Ондайға сын айтып, твйым салу керек деп есептеймін, - деді Салтанаn Әскербекқызы.

Иә, кез келген фильмнің көпшілікке танымал болу болмауы көрермен мен оның талғамына тілкелей байланысты. Яғни қоамдық сұранысқа ие  қандай болса да, сондай кинолар елімізде көптеп түсіріледі. Бұл нарық пен уақыт талабы