«Анам мас, алып кетіңіз»: Павлодарда анасынан қорыққан қыз полициядан көмек сұрады
Павлодарда ішімдік ішкен анасынан қорыққан қыз полицияға қоңырау шалып, көмек сұрады, деп хабарлады Elorda.info Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Естай көшесі, 134/2 мекенжайда тұратын қыз полицияға хабарласып, мас күйдегі анасын алып кетуді сұраған.
Бұдан бөлек, тағы бір адам әкесінің мас күйінде пәтерде шу шығарып жатқанына шағымданған. Ол көршілерінің есігін теуіп, тұрғындардың мазасын алған. Учаскелік полиция инспекторлары барлық құқық бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тартып, материалдарды сотқа жіберді.
«Отбасылық жанжал шығарушыларға қатысты пәрменді шаралардың бірі – қорғау ұйғарымын шығару және мінез-құлыққа ерекше талаптар қою. Биылдың өзінде құқық бұзушыларға қатысты 2329 қорғау ұйғарымы қойылды. Соттар құқықтық тәртіп сақшыларының ұсынысы бойынша мінез-құлыққа 580 ерекше талап қойды», – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар бойынша 3143 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.