Алакөлге дейін қосымша вагондар мен әуе рейстері іске қосылады


Жазда ел тұрғындары Алакөлге ұшақпен, пойызбен немесе автокөлікпен жете алады, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Теміржол көлігі:
Биыл жазда Алакөл курорттық аймағына 13 теміржол бағыты арқылы жетіуге болады. Оның 4-еуі — жыл бойы қатынайтын бағыт болса, тағы 9-ы — маусымдық қосымша бағыттар. Пойыздар Астана, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Семей, Өскемен және Ақтоғай қалаларынан қатынайды.
Алматы – Алакөл:
1. № 207/208 «Алматы-2 – Жалаңашкөл» (аптасына 2 рет);
2. № 221/222 «Алматы-2 – Достық» (аптасына 3 рет);
3. № 211/212 «Алматы-2 – Достық» (маусым–шілдеде жұп күндері, тамызда тақ күндері);
4. № 337/338 «Алматы-2 – Достық» (аптасына 3 рет);
5. № 21/6941/6942/22 «Алматы-1 – Достық» (жұп күндері).
Астана – Алакөл:
1. № 54/53 «Нұрлы жол – Достық» (аптасына 2 рет);
2. № 254/253 «Нұрлы жол – Достық» (аптасына 2 рет);
3. № 122/6942/6941/121 «Нұрлы жол – Семей» (жұп күндері).
Басқа бағыттар:
1. № 31/6942/6941/32 «Павлодар – Достық» (жұп күндері);
2. № 21/6942/6941/22 «Қызылорда – Достық» (тақ күндері);
3. № 457/458 «Семей – Достық» (тақ күндері);
4. № 459/460 «Өскемен – Достық» (тақ күндері);
5. № 6941/6942 «Ақтоғай – Достық» (күн сайын).
Әуе қатынасы:
2025 жылғы 1 маусымнан бастап қазақстандық SCAT әуе компаниясы Алакөлдің қасында орналасқан Үржарға субсидияланатын рейстерді орындай бастайды. Астана мен Үржар, сондай-ақ Алматы мен Үржар арасында аптасына 6 рейс орындалады. Астана - Үржар бойынша бір бағыттағы билет құны – 16 мың теңге, ал Алматы - Үржар бағыты бойынша – 14 мың теңге.
Сондай-ақ, жаз мезгілінде Ушарал қаласына субсидияланатын әуе рейстерін іске қосу мәселесі пысықталуда.
Автомобиль көлігі:
Жалпы ұзындығы 768 шақырым болатын «Талдықорған – Өскемен» жолы Алакөлге дейін апарады. Бұл жолға толықтай жаңа асфальт төселді.
Жетісу облысы жағынан Үшарал арқылы одан кейін 180 шақырымдық «Үшарал – Достық» жолымен өтіп, көлдің оңтүстік жағалауына жетуге болады.
Абай облысы жағынан «Таскескен – Бақты» жолы арқылы Мақаншы ауылына (133 км), әрі қарай «Мақаншы – Жалаңашкөл» бағытымен көлдің солтүстік жағалауына жетуге болады.
Алакөл көліне апаратын барлық республикалық маңызы бар автожолдарда жаңа асфальтбетон жабыны төселді.



