00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Рамазан Оразақов: АЭС-тің соңғы үлгісі барлық қауіп-қатерге төтеп береді

27 қыркүйек, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Рамазан Оразақов: АЭС-тің соңғы үлгісі барлық қауіп-қатерге төтеп береді

Энергетика саласына өмірінің 40 жылдан астам уақытын арнаған ҚР Еңбек сіңірген энергетигі Рамазан Оразақов Қазақстанда салуға ұсынылған соңғы үлгідегі АЭС-те қауіп-қатердің бәрі ескерілетінін жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

 -Бүгінге дейін еліміз үнемі даму үстінде болды және электр энергиясын тұтыну көлемі да арта түсті. Сол себепті электр қуаты көздерін көбейту қажеттілігі туындады. Осыған дейін энергияны кеңес дәуірінде 1960-70 жылдары іске қосылған жылу электр стансалары беріп келді. Қосымша энергия көздеріне деген қажеттіліктен қолданыстағы стансаларды жөндеп, жаңғырту, жаңасын салумен қатар жел және күн сияқты жаңғыртылған энергия көздерін де дамыту жұмыстары жүргізіле  бастады. Алайда олардың бәрі керек кезде электр қуатымен толық қамтамасыз етуге аздық етуде. Жаңғыртылған энергия көздері кез келген уақытта электр қуатын бере алмайды.

      Астана халқы қыста шамамен көп дегенде 900 МВт көлемде электр энергиясын тұтынады. Соның тек 60 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Электр энергиясының тапшылығы елордада да бар. Бізге байқалмағанымен оңтүстік халқы электр қуаты тапшылығын қатты сезінуде. Көп ақшаға Ресейден, Қырғызстан мен Өзбекстаннан сатып алуға мәжбүр болып отырмыз.

     АЭС салу идеясы Кеңес кезінде басталған. Курчатов пен Балқаш АЭС салу орны ретінде сол кезде-ақ таңдалған болатын. Дегенмен Балқашқа көп басымдық беріледі. Себебі ол орталыққа жақын. Солтүстік-Оңтүстік магистральдық желілер түйіскен жерде орналасқан.

      Төрт елдің атом стансасын айтып отыр, үшеуі де 3+ үлгідегі соңғы буын атом стансасын салуды ұсынады. Бұлар өте сенімді стансалар. ұшақ құлай ма, жер сілкіне ме, су таси ма, жалпы барлық қауіп-қатерді ескере отырып салынады. Қорғанысы мықты. Балқаш суын бүлдіреді деген сөз де негізсіз, салқындатқыш және жылу беретін су өз ішінде айналады.

    Қазақстанда бұл салада мамандар дайындайтын 4 ЖОО бар, Астана мен Алматыда, екеуі ШҚО-да. Атом стансасына 2000 кадрлық персонал керек болса, соның 400-і ядролық сала мамандары болады. Тендерді қай ел ұтып алса, сол ел біздің мамандарды өз оқу орталықтарына апарып үйретеді. Сондықтан еліміздегі энергия тапшылығын жою үшін әрі экономикамызды дамыту мақсатында атом электр стансасын салудың қажеттілігін халыққа түсіндіріп келеміз.  6 қазанда Жалпыұлттық референдумда азаматтық позициямызды білдіріп, баршаңызды дұрыс шешім қабылдауға шақырамын,- деді ҚР Еңбек сіңірген энергетигі Рамазан Оразақов.