Ақтөбе облысында 240 млн теңге ұрланған балабақша қызметкеріне қатысты тергеу басталды
Ақтөбе облысының Хромтау және Мұғалжар аудандарының прокуратурасы мектепке дейінгі мекемелерде 240 млн теңгеден астам бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілерін анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Белгілі болғандай, мектепке дейінгі ұйымдарда жұмысшыларға қосымша сыйлықақы беру арқылы бюджеттік өтінімдерді негізсіз жоғарылатып, қаржы ұрланғна. Бақылаусыз өзгерістер енгізіліп, оның ішінде басшыларға жоғары сыйлықақы берілген.
Иемденіп алу схемалары жалақыны белгіленген нормадан тыс аудару, аударымдарды қайталау, жалған іссапарлар арқылы жүзеге асырылған. Сонымен қатар, есепшілердің бірі кейбір қызметкерлерге жоғарылатылған жалақы, қосарланған еңбек демалысы мен іссапар төлемдерін заңсыз есептеу арқылы жалпы көлемі 24 млн теңгеден астам қаражатты иемденген. Ақша ешқандай негізсіз есепшінің немесе балабақша меңгерушісінің жеке есепшоттарына аударылған.
«Аудан прокуратуралары аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшыларына, 3 балабақша меңгерушісі мен 4 есепшісіне қатысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (аса ірі мөлшерде cенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Барлық көрсетілген фактілер бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілуде», - деп көрсетті Ақтөбе облысының прокуратурасы.