EGov Mobile қосымшасында «eDensaulyq» сервисі пайда болады
Денсаулық сақтау министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп EGov Mobile қосымшасында «eDensaulyq» сервисін іске қосты, деп хабарлады Elorda.info.
Мұнда әрбір азамат электрондық рецепттер, медициналық анықтамалар, вакцинация, донорлық мәртебесі, емдеуге жатқызу, зертханалық зерттеулер нәтижелері және аурухана парақтары, сонымен қатар жүкті әйелдерді есепке алу және диспансерлеу туралы ақпаратты көре алады. Осы уақытқа дейін қазақстандықтардың медициналық деректері бойынша барлық ақпараттары «электрондық үкімет» порталының әртүрлі бөлімдерінде шашыраңқы, пайдаланушылар үшін ыңғайсыз болды. Осылайша, ақпараттық ашықтықты сақтай отырып, азамат туралы барлық медициналық деректерді бір бөлімге топтастыру идеясы пайда болды, - деп жазылған Денсаулық сақтау министрлігі хабарламасында.
Өз кезегінде ата-аналар да балаларының денсаулығына қатысты ақпаратты көре алады.
Қазіргі уақытта бөлімді ҚР азаматтарының қажетті медициналық деректерімен толтыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Егер Сіз қосымшада қате ақпарат тапсаңыз, онда Сізге 1406 нөмірі бойынша немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Telegram-боты арқылы хабарласу қажет, - деп жазылған хабарламада.