Елімізде 300 мың көлік заңдастырылады
Биыл қыркүйектің біріне дейін елге 300 мыңға жуық автокөлік жеткізілді, деп хабарлады Elorda.info.
Хабар24 жазуынша, олардың басым бөлігі көрші Ресей Федерациясынан әкелінген. Бұл туралы Әкімшілік полиция комитетінің өкілдері хабарлап отыр. Жақын арада осы темір тұлпарларды заңдастыру процесі басталады. Қазір тиісті заң қабылданып жатыр. Көлікті заңдастыруға жарты жыл уақыт беріледі.
Ең алдымен техника иесі «Электрондық үкімет» порталы арқылы өтініш беріп, көлігін іздестіру базалары бойынша тексертеді. Кейін Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары оның нөмірлік агрегаттарын салыстырады. Қажет болса, автокөлікке кедендік декларациялау жүргізіледі. Сосын авто иесі 200 мың теңге көлеміндегі бастапқы алым мен техпаспорт және мемлекеттік нөмір үшін арнайы баж төлеуге міндетті. Осы талаптарды толық орындағандарға қазақстандық техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмір беріледі. Заңдастыру процесінен тек іздеуге жарияланбаған және кедендік тазартудан өткен көліктер ғана өткізіледі.
Кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің деректер базасы бойынша айқындалатын болады. Бүгінде бұл процесс толығымен автоматтандырылған. Егер Шекара қызметінде көлік құралын әкелу туралы мәліметтер болмаған жағдайда автокөліктің Қазақстан Республикасында нақты болу күні автосақтандыру полисінің алғашқы ресімделген күні бойынша айқындалатын болады, - деді ҚР ІІМ ӘПК төорағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев.