25 мың шақырым автожол қысқы күтіммен қамтылды
Қысқы күтіммен қамтылған автожолдардың жалпы ұзындығы халықаралық және республикалық тас жолдарды қоса алғанда 25 мың шақырымды құрайды, деп хабарлады Elorda.info.
Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, аталған көлемнің 21 мың шақырымына «КАЖсервис» ЖШС күштері, ал тағы 4 мың шақырымына реконструкциялау және күрделі жөндеу объектілерінде мердігерлік ұйымдар қызмет көрсетеді.
Қысқы күтімді қамтамасыз ету үшін 1033 бірлік қар тазалау техникасы жұмылдырылған, сондай-ақ қысқы жағдайларда сенімділік пен тиімділікті қамтамасыз ету үшін шамамен 218 бірлік қосымша техника жалға алынды.
Бүгінгі таңда 515 өндірістік база сақадай сай, оның ішінде жылыту пункттері, қазандықтар, гараждар, автотұрақтар мен қоймалар пайдалануға дайын.
Еліміз бойынша барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған 121 жылыту пункті бар. Қиын жағдайға тап болған пайдаланушылар үшін алғашқы баспана. Бұл пункттер өздерінің ас үйімен, пайдаланушыларға арналған демалыс бөлмелерімен және көлікке арналған жылы бокстармен жабдықталған.
Сондықтан жолда «жол-пайдалану учаскесі» деген жазуы бар маңдайшаларды қадағалауға кеңес береміз, - делінген хабарламада.
Қысқы күтімнің ажырамас бөлігі көктайғаққа қарсы материалдарды дайындау болып табылады. Қазіргі уақытта 26 мың тонна тұз, 94 мың м3 құм, 33 мың м3 ұнтақ, 778 тонна реагент және 25 мың м3 құм-тұз қоспасы бар.
Ағаштарды кесу, шөптерді шабу, «жылдамдықты шектеу», «тайғақ жол» уақытша жол белгілерін және қардан қорғау қалқандарын орнату жұмыстары жалғасуда. Қарлы учаскелердің жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырымды құрайды.
Сондай-ақ, егер сіз жолда қалсаңыз және қоңырау шалу мүмкіндігі болса, 1403 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласа алатыныңызды еске саламыз.