Саясат Нұрбек Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтады, деп хабарлады Elorda.info.
Құрметті қауым!
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні!
Биылғы мереке ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан қазақ ғылымының негізін қалаған ұлы ғалым, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Ұлт ұстазының еңбектерін әлемнің түкпір-түкпіріндегі архивтерден іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу – тіл білімін, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіре түсуге жаңа мүмкіндіктер бермек.
Биылғы ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде, ТҮРКСОЙ аясында отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ыстамбұл қаласында және Түркістан қаласында өткізілетін халықаралық іс-шаралар Ахаң мұрасын жас ұрпаққа насихаттаудың озық үлгісі.
«Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген қанатты сөз бекерге айтылмаса керек. Жас ұрпақтың ана тілімен бірге өзге тілдерді қоса меңгеруі Жаңа Қазақстанның халықаралық қатынастардағы қадамын кеңейтуге үлкен үлес қосары сөзсіз.
Қазақ тілінің тағдыры қашан да ел болашағы үшін аса маңызды. Мемлекеттік тілді дамыту жауапкершілігі – баршамыздың борышымыз.
Бүгінгі Тілдер мерекесі құтты болсын!
Еліміз тыныш, тіліміз тұғырлы болсын! – делінген министр құттықтауында.