Елордада «покер» ойынын ұйымдастырған азамат 7 жылға сотталуы мүмкін
Қаржылық мониторинг агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті заңсыз «Покер» ойынын ұйымдастыру фактісін анықтады, деп хабарлады Elorda.info.
Елорда тұрғыны заңсыз материалдық пайда табу мақсатында тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінен заңсыз ойын мекемесін ашып, қолма-қол ақшаға фишкаларды сату және алу арқылы құмар ойынын өткізген. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл азамат 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, - деп жазылған хабарламада.
Биыл агенттік 82 ойын мекемесінің қызметін тоқтатты. Олардың ішінде 4-і астыртын казино қызметі болған.
Ойын автоматтары, терминалдар, покер үстелдері, рулетка үстелдері, компьютерлер, ұялы телефондар сияқты 3 мыңға жуық зат, сондай-ақ 5 млн теңгеден астам сомаға қаражат түріндегі айғақтар тәркіленді, - деп жазылған хабарламада.