Нұр-Сұлтаннан бірқатар қалаға қосымша пойыздар қатынайды
Бүгінде ел аумағында пойыз қатынайтын 138 бағыт бар. Оның ішінде 104 маршрут бойынша тасымалға біз жауаптымыз. Қалған бағыттарға жеке тасымалдаушы компаниялар жауапты. Елімізде ұлттық тасымалдау компаниясынан бөлек, 9 жеке компания бар. Алдағы шілде-тамызда «Нұр-Сұлтан – Қостанай», «Нұр-Сұлтан – Алматы» және «Нұр-Сұлтан – Шымкент» бағыты бойынша қосымша пойыздарды іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде алдыңғы 2 бағыт бойынша Тальго пойызы қатынамақ. Жалпы қазір ҚТЖ-ға қарасты 2 215 вагон бар. Оның ішінде 1 429 бұрынғы стандартты вагон және 670 Тальго вагондары, - деді Жәнібек Тайжанов баспасөз мәслихатында.
Басқарма төрағасының айтуынша, елімізде пойыз қызметіне қатысты жаңа стандарт енгізілді.
Жаңа стандарттың ішіне тазалық сақтау, қызмет көрсету кіреді. Пойыздарға қатысты бұған дейін болған проблема – билет сатушы делдалдар және билеттерді жаппай сатып алып тапшылықты қолдан жасау мәселесі шешілді. Аталған мәселелерді шешу үшін 2 жыл бұрын «Мобиус» билет сату жүйесі іске қосылған еді. Жаңа жүйе тиімділігін көрсетті. Қазір алыпсатарлық жоқ, - дейді ол.
Сондай-ақ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшысы пандемиядан кейін ТМД бойынша Қазақстан халықаралық пойыз рейстерін қайта іске қосқан алғаш ел екенін айтып отыр.
Бүгінде 11 халықаралық пойыз рейсі бар. Олар Ресейдің Астрахан, Омбы, Самара қаласына қатынайды. Сонымен қатар Өзбекстан мен Қырғызстан астанасы Бішкекке пойыздар қатынап тұр, - деді Ж. Тайжанов.