00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елорда әуежайы пандемиядағы дағдарыстан қалай шықты

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елорда әуежайы пандемиядағы дағдарыстан қалай шықты
ашық дереккөз

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма басшысы Ғабит Тәжімұратовтың айтуынша, пандемия кезінде елорда әуежайының қаржылық жағдайы біраз тұралап қалған.

Рейстер тоқтап, кіріс айтарлықтай қысқарды. Қызметкерлерімізге жалақы бере алмадық. Қол астымыздағы білікті кадрларды жібермей, өзімізде алып қалу мәселесі біз үшін өте өзекті болды. Сол кездері әуежай банкроттың аз-ақ алдында тұрған еді. Банктерден алған қарызымызды да өтей алмағанбыз, - дейді ол.

Бірақ әуежай басшысы ретінде Ғ.Тәжімұратов кәсіпорынның менеджментін күшейтіп, жұмысқа авиация саласының үздік мамандарын шақырған.

Қазір ұжымда қазақстандық әуежайлардың бұрынғы төрт басшысы қызмет етеді. Жаңа командамен біз әуежайдың стратегиясын қайта қарап, қызмет бағытын көбейттік. Енді біз жүк және транзиттік рейстерді тартуға күш сала бастадық. Тарифтік саясатты өзгерттік. Осы шаралардың арқасында 2 мыңнан аса жұмыс орнын сақтап қалдық, - дейді басқарма басшысы.

Елордалық әуежай коронавирус кезеңіне дейін күніне 100-ден аса рейсті жөнелтіп, қабылдайтын болса, қазір тәулігіне 60-70 рейске қызмет көрсетеді.

Он халықаралық бағыт бойынша рейстер қайта жанданды. Шекаралар жабылғанда көп әуе компаниясы біздің әуежайды Еуропадан Азияға және кері қарайғы жолда транзиттік аялдама ретінде қолдана бастады. Мультимодальді және транзиттік тасымалдарға баса көңіл бөлу дұрыс шешім болыпты. Сондай-ақ әуежай қаржысын үнемдей үшін коммуналдық қызметтерге кететін шығынды қысқарттық, басқа да шығындарды (жаңа құралдар сатып алу, қызметкерлерді оқыту, іссапарлар) азайттық, банктер алдында қарызымызды төлеуді кейінге шегердік. Мұның бәрі 2020 жылы шығынымызды 1,8 млрд теңгеге азайтуға мүмкіндік берді, - дейді әуежай басшысы.