ҚТЖ қазақстандықтарға ескерту жасады
Теміржолда балалардың қатысуымен болатын қайғылы жағдайлар жиілеп кетті: соңғы үш күнде екі жасөспірім қайтыс болды. Мәселен, 25 желтоқсанда Тараз станциясында пойыз вагонында селфи жасау әрекеті кезінде 15 жасар жасөспірім түйіспелі сымдағы тоқтан қаза тапты.
Осыған ұқсас оқиға 27 желтоқсанда Алматы станциясындағы қабылдау-жөнелту паркінде орын алды. Селфи жасаған екі жасөспірім жоғары кернеулі тоқ разрядын алды. Олардың бірі сол жерде қайтыс болды.
Аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. «ҚТЖ» ҰК» АҚ қазақстандықтарға теміржол көлігі нысандарында мұқият болуды және өз өмірлеріне қауіп төндірмеуді сұрайды.
Теміржол көлігі – жеке қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды қажет ететін қауіпті аймақ.
Жаяу жүргіншілер көпірін, төсемдерді пайдалана отырып, жақындап келе жатқан пойыздың жоқтығына көз жеткізіп барып, белгіленген орындардан теміржолды кесіп өту қажет. Теміржолда, пойыз вагондарында фото және бейне түсірмеңіз. Жоғары кернеулі сымдардың жанында, перрондарда, сүріну оңай қауіпті жерлерде суретке түсуге қатаң тыйым салынады. Ешқандай да керемет кадр денсаулығыңызға немесе өміріңізге татымайды, – деп ескертеді ұлттық тасымалдаушы.