Сағатбек Қуанышбайұлы: «Еріктілердің қоғамдағы орны ерекше»
Қызылорда облысындағы белсенді жастардың бірі атанған Сағатбек Қуанышбайұлы 2016 жылдан бері өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созуда. «Болашақ» колледжінің және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі жарымжандарды қоғамға бейімдеу жұмыстарын қалалық волонтерлық топтарда жүріп бастаған. Әсіресе, спорттық-мәдени шаралар және экскурсиялар ұйымдастыруға бір адамдай ат салысып келді.
Қоғамға пайдалы іспен айналысуды азаматтық борышы деп есептейтін ол 2017 жылы «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қорын құрады. Бүгіндері оның сапындағы еріктілерідң 30-ға жуығы жастар, студенттер мен мектеп оқушылары. Топтың бастамасымен түрлі қайырымдылық шаралар, акциялар мен концерттер үзбей өткізілді. Қазіргі таңда Сағатбек Қуанышбайұлы жетекшілік ететін ұйым Сыр еліндегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірге деген құлшынысын арттыруға барынша септігін тигізуде.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты бірлесіп, волонтерлік бастамаларды қолдауға арналған шағын гранттар конкурсын өткізген болатын. Абырой болғанда, «Жылы жүрек жастар» қоғамдық қоры жеңімпаз атанып, шағын грантқа қол жеткізді. Бұл мақсатқа бөлінген 500 мың теңгеге Сағатбек облыс орталығындағы Мүгедектерді оңалту орталығында «Үйренуден жалықпа» әлеуметтік бейімдеу бөлмесін ашып, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтайды.
Қор жетекшісінің айтуынша, бұл бастаманың маңызы зор. Бейімдеу бөлмесі келушілерге өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалпына келтіруге, мүгедектігі бар ерекше жандарға мүмкіндігін жүзеге асыруға, өзіне сенімді болуға және басқа адамдармен тығыз байланыста өмір сүруге баулиды. Мекеме қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ұмытылған тұрмыстық дағдыларын қалпына келтіріп, ұсақ моторикаларын жетілдіруге және түрлі тағамдар әзірлеу арқылы шағын кәсіпкерлікке баулиды.
«Әлеуметтік бейімдеу бөлмесі бұл имитациялық кеңістік. Онда пациенттерге арнайы тренажерлардың, тұрмыстық заттардың көмегімен күнделікті өзіне-өзі күтім жасаудың негізгі дағдылары үйретіледі. Бөлме «эрготерапия» және «тұрмыстық» деген екі аймаққа бөлінеді. Келушілер ас үйде инсульт алған науқастар қайтадан үстелге отыруды, ас құралдары мен ыдыс-аяқтарды ұстауды, шкафтарды ашуды, шәйнекті тоққа қосуды, ыдыс-аяқты жууды үйренеді. Ал бөлменің екінші бөлігінде науқастар арнайы құрылғылармен ұсақ моторикасын жетілдіреді. Бұл жұмыстарға волонтерларды тартып, онлайн және офлайн негізінде түрлі сабақтар мен сайыстар өткіземіз», - дейді Сағатбек Қуанышбайұлы.
Жылына бір мыңға жуық адамға қолдау көрсететін Мүгедектерді оңалту орталығында қазіргі уақытта 100 адам бір мезгілде жүзге жуық адам ем алуда. Қоғамдық қор жетекшісінің айтуынша, жылына эрготерапия аймағында 300-400, ал тұрмыстық аймақта 400-500 адамға қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.
Мақала кейіпкерінің конкурсқа волонтерларды қарттар үйіне, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына тарту бойынша қызмет көрсетуді көздейтін «Birgemiz Qamgor» бағытын таңдауы тегін емес. «Қайғы айтып келмейді». Қолына дипломын енді алған жас маман 2013 жылы жол көлік апатына түсіп, қол арбаға таңылған болатын. Дегенмен, денсаулығындағы кінәратына қарамастан Сағатбек қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуын бір тоқтатқан жоқ.
Атап айтқанда, былтырғы карантин кезінде қала жастарының басын біріктіріп, 40-тан астам отбасыға азық-түлік жеткізіп, киім-кешекпен көмек көрсетеді. Сондай-ақ, түрлі бағыттағы 30-ға жуық іс-шара ұйымдастырады. «BIZ BIRGEMIZ» республикалық акциясы аясында қала тұрғындарына медициналық бетперде таратуға атсалысады. Автоволонтерлықтан да қалыс қалмай, өз көлігімен көптеген қарт кісілердің үйіне дәрі-дәрмек жеткізуге көмектеседі.
«Адам баласы өмірге келгеннен кейін біреуге жақсылық жасап, барымен бөлісуге тырысады. Мұқтаж жанға көмек көрсету әрбір қазақстандықтың парызы деп білемін. Жақсылықты жарысып жасауымыз керек. Волонтерлар қатарына қосылуымның себебі де сол. Біздің атқарған ісімізді көрген жастарда өзгеге көмектесейін деген ниеттері оянады. Соның арқасында ерікті, жақсылыққа жаны құштар жастардың саны арта түсуде. Бұл қуантарлық жағдай. «Көп түкірсе, көл болады» деген рас қой. Соңғы уақытта еріктілердің қоғамдағы орны ерекше екеніне көзім жетті», – дейді волонтер.
Былтырғы волонтерлар жылы қарсаңында бастау алған «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясының жеңімпазы атанған Сағатбек Қуанышбайұлы тағдырдың қатал сынағына түссе де, өмірге құштар жан. Ол мүгедек жандардың білімдерін жетілдіру, компьютерлік сауаттылықтарын арттыру және бизнес жоспар жасау бағытында түрлі семинар сабақтар жүргізуде. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өзі айналысып жүрген арбада отырып билеу өнеріне, облыстық спорттық және түрлі өнер сайыстарына қатысуға үгіттеп келеді.
«Мемлекет басшысы 2020 жылын «Еріктілер жылы» деп жариялағанын білеміз. Бұл өте дұрыс шешім болды. Халқымыз қашаннан да жабырқағанның жанынан табылып, еңсесі түскенді қолтықтан демей білді. Асар әдісімен талай адам баспанаға ие болса, жылу жинау арқылы қиындыққа ұрынған жандар елдің қамқорлығын көрді. Қазіргі күні біз секілді еріктілер сондай жанашыр көңілмен талай адамға қол ұшын созуда. Олардың қатарында жастардың көп болғанына қуаныштымын. Атадан жеткен асыл қасиет бүгінгі буынның бойында тағы бір мәрте жарқырап, ол ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсе, нұр үстіне нұр болар еді», – деп сөзін қорытындылады Сағатбек Қуанышбайұлы.