Жыл басынан бері 60 бала терезеден құлап кетті

Бүгін, 12:29
Айман Нығмет Айман Нығмет
Жыл басынан бері 60 бала терезеден құлап кетті
фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері балалардың терезеден құлау жағдайларына байланысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл жыл басынан бастап ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығына балалардың терезеден құлауына байланысты 60 жазатайым оқиға туралы ақпарат келіп түсті. Бес бала оқиға орнында қайтыс болды, 55 бала түрлі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді, - дейді ТЖМ өкілдері.

2024 жылы осындай 196 оқиға тіркелген.

Әдетте ересектердің қарауынсыз қалған 2 жастан 13 жасқа дейінгі балалар ықтимал аймақта. Көбінесе қайғылы жағдай балалар москит торларына сүйенген кезде болады, себебі бұл тор салмақ көтермейді, - дейді құтқарушылар.

Ведомство басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Құтқарушылар, ата-аналармен кездесу кезінде және балалар мекемелерінде рейдтер, профилактикалық іс-шаралар өткізеді.

Азаматтарды хабардар етуді арттыру үшін ақпараттық ресурстар белсенді түрде тартылып жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі барлық ата-ана мен балалардың заңды өкілін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады:

  • Балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
  • Москит торларына сенбеңіз — олар баланы ұстап қалмайды;
  • Терезелерге арнайы бекіткіштер мен блокаторларды орнатыңыз;
  • Бала терезе алдына шыға алмас үшін терезе маңындағы жиһаздарды алып тастаңыз.

«Әрбір қайғылы оқиғаның алдын алуға болады. Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік ересектерге жүктеледі. Балаларға қамқор болыңыз. Біз үшін әрбір өмір маңызды», - делінген хабарламада.