«Жастар практикасы»: Жыл басынан бері 9,1 мың адам жұмысқа орналасты

Бүгін, 13:04
Айман Нығмет Айман Нығмет
views60
«Жастар практикасы»: Жыл басынан бері 9,1 мың адам жұмысқа орналасты
фото: Оңалхан Өнерхан

1 тамыздағы жағдай бойынша «Жастар практикасы» бойынша 9,1 мың адам жұмысқа орналастырылды. 2025 жылы бұл салада барлығы 38,9 мың жас қазақстандықты жұмыспен қамту жоспарлануда, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Олардың ішінде ең көп жұмысқа тұрғандар Түркістан облысында – 2,1 мың адам. Одан кейін Жамбыл облысында – 802 адам, Қызылорда облысында – 775 адам және Шымкент қаласында – 665 адам.

Бағдарламаға қатысқан жастардың 62,7%-ын немесе 5,4 мыңын әйелдер құрайды. Ал қатысушылардың 5 мыңы ауыл тұрғындары, бұл жалпы санының 58,1%-ын көрсетеді.

«Жастар практикасына» 35 жасқа дейінгі, жоғары оқу орындары мен колледждердің жұмыссыз түлектері қатыса алады. Бұл бағдарлама олардың алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік береді. Қатысу үшін тұрғылықты жердегі мансап (жұмыспен қамту) орталығына өтініш беру қажет.

Жұмыс берушілер тәжірибеден өтуші жастарға бағыт-бағдар беретін арнайы тәлімгер тағайындайды. Бұл жас мамандардың кәсіби дағды мен тәжірибе жинауына көмектеседі.

Бағдарлама аясында ай сайын жалақы төленеді. Оның орташа мөлшері республика бойынша 109,5 мың теңгені құрайды. Төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы қатысушылардың банк шоттарына аударылады. Бұл қаражат жұмыс берушілер ұсынған мәліметтер негізінде төленеді.

Бағдарлама шеңберінде ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында:

мейіргерлер – 654 адам,

заңгерлер – 367 адам,

бастауыш сынып мұғалімдері – 309 адам,

тәрбиешілер – 292 адам,

шет тілі мұғалімдері – 282 адам бар.