Жаңа тұрғын үйлер бағасы қымбаттады
Тұрғын үй нарығында бір жылда жаңа тұрғын үйлер бағасы 4,4%-ға өсті, ал пәтерлерді қайта сату бағасы 2,9% төмендеді, деп хабарлады Elorda.info.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметке сүйенсек, жаңа үйлер нарығында баға жылдық мәнде Ақтау – 18%, Семей – 16%, Павлодар 15,5% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көш басында Семей (25,3%), Ақтөбе (22,5%), Қызылорда (15,5%) қалалары, тұрғын үйді жалға беру нарығында – Көкшетау (37,9%), Қонаев (36,1%), Ақтөбе (34,7%) қалалары тұр.
Тұрғын үй бойынша мәміле жасасу көрсеткіші тамызда 38 810-ға жетті. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 10 141 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 28 669 мәміле жасалды. 2023 жылдың шілдесімен салыстырғанда (34 225) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 13,4%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Астана (6 679 – 18%) және Алматы (5 928 – 15,3%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (3 705 – 9,5%) көш бастап тұр. Мәмілелер санының ең аз көрсеткіші Ұлытау облысында тіркелді – 410 бірлік (1,1%).
Мәмілелер санының ең көп өсімі Солтүстік-Қазақстан (53%-ға), Жетісу (27,7%-ға) және Жамбыл (26,3%-ға) облыстарында байқалды.
Осы жылдың тамызында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері өткен жылғы тиісті айымен салыстырғанда 8,8%-ға өскен. Ол кезде 35 686 мәміле ресімделген болатын. Ел бойынша ең жоғары өсім көрсеткіші Солтүстік-Қазақстан облысында (80,4%-ға) байқалды.