00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Жұмбақ өлім. Мағжан Жұмабаевтың 1938 жылы қуғын-сүргінде атылғаны ақиқат па? (ВИДЕО)

30 мамыр, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жұмбақ өлім. Мағжан Жұмабаевтың 1938 жылы қуғын-сүргінде атылғаны ақиқат па? (ВИДЕО)
Фото: Ult.kz

Тарихты тақпадақтасақ, Мағжан 1937 жылдың 30 желтоқсанында «жапон тыңшысы» деген жаламен тұтқындалып, ең ауыр жазаға кесілді. 1938 жылы наурыз айының 19-ы күні қайтыс болған делінеді, деп жазады Elorda.info.

Алайда оны содан кейін де көргендер тарихты төңкеріп жібергендей болды. Батыр Бауыржан Момышұлының ол туралы естелігі алаш ардақтысын қайта тірілткендей.

Батыр мен ақынның сенсациялық кездесуі 1948 жылы Сібірде болған. Бұл кез – Бауыржан 59-бригада командирінің орынбасары болып тағайындалған кез. 

Бауыржан Момышұлы, Кеңес Одағының батыры:

Мен оның қазақтың ақиық ақыны Мағжан екенін біліп, шамам келсе, көмектескім келді де: «Мен он шақты күннің көлемінде қайта ораламын. Сол кезде дайын болып тұрыңыз» дедім. Он шақты күннен кейін уақытым болмай, қайтып келе алмадым. Бір айдан кейін келсем, түрменің бастығы маған оның сал айдап жүріп суға кетіп, қайтыс болғанын айтты. (Қаһарман Бауыржан Момышұлы, 98-бет, Алматы, «Өнер баспасы, 2008 ж)

Жылдар өте келе тағы бір куәгер табылды. Ол Атырау облысы Жылыой ауданының тумасы Абдулла Әбдірахманов еді. 

1938 жылы «халық жауы» деген желеумен ұсталып кеткен әкесінің артынан Жапония мен Иран тұрмақ, Гурьевтен аттап шықпаған, 3 кластық білімі ғана бар Абудулла да «Жапонияның агенті, Иранның десанты» деген кінәмен 10 жылға ит жеккенге айдалды. 

«Жас алаш» газетінде Абдулла Әбдірахманов ақынның аштық пен аурудан 1951 жылы қалай көз жұмғанын көзімен көргенін айтқан. 

Абдулла Әбдірахманов: 

Ол «Алаш» партиясының мүшесі болғанын, оның басшылары мен қолдаушыларының түгелге дерлік қуғындалып, қамалғанын айтқаны ойымда қалыпты. Сәбит Мұқановтың түрін бір көрсем деуші еді. Неге олай дейтінін іштей ұғатынбыз. Қазақ зиялыларына жасалған қиянаттардың шет жағасын шығаратын. Қасындағылардың жау болып шыққанын айтатын еді... 

Ал Мағжанның қалай бақилық болғаны туралы Абдулла ақсақал былай деп баяндайды:

Ертеңгісін жұмысқа апарарда сапта тұрғанбыз. Оның қайтыс болғанын естідік. Өліктерді жерлейтін арнайы адамдар болады. Солардың әкетіп бара жатқанын көрдім. Қасына барып қоштасуға, жерлесуге күзетші әскер жібермеді. Іштей қамығып, көзге жас алдым. Ол азапты көп көргендіктен денсаулығы нашар еді. Өлер алдында ісініп, кебініп, төрт тағандап жүре алмай қалды. Тістерінің бәрі босап, иектері ас жегізбейтін. Цингамен ауырды. Өмірден солай өтті.

Өкінішке орай, Абдулла ақсақал айғақ болар Мағжанның «Алматының қазағын көрсең, берерсің» деп табыстаған өлең дәптерін жолда ұрлатып алған. 

Бұл туралы «Мағжан» атты монографиялық зерттеуі үшін Мемлекеттік сыйлық алған әдебиетші-ғалым мұның бәрін «лақап әңгіме» деді. 

1995 жылы шыққан монографиямда мен Мағжанның қай жылы, қай күні атылғаны туралы 8-бөлімнің анықтама қағазын көрсеттім, - деді әдебиеті-ғалым Шериаздан Елеукенов. 

Тарихшы-ғалым Талас Омарбеков болса, «бәрібір ештеңені дәлелдеу мүмкін емес» дейді:

Бауыржан Момышұлының Мағжанды көргені туралы естелігі бары рас. Бірақ бүкіл құжаттарда «Мағжан Жұмабаев 1938 жылы атылды» деп айтылады, солай қабылданған. Енді келіп «Олай емес екен, Мағжан атылмапты» деген әңгіме шығарудың не қажеті бар?! Бәрібір ештеңені дәлелдеу мүмкін емес. Жалпы, репрессия туралы ашылмаған ақиқат, айтылмаған әңгіме қалған жоқ. Бәрі жазылды, айтылды. Мағжан ақталды, кітаптары шығып жатыр. Басқа не керек енді?!

Солайша тарих сан саққа тармақталды. Ұшынан ұстар дәлел жоқ. Өкініштісі, ақынның өлімі жұмбақ күйінде қалды. Бұл - орны толмаған тарихтың ақтаңдақ беттерінің бір парасы ғана. Сонда оқып жүрген тарихымызға сенейік пе, сенбейік пе? Жауап жоқ. 

Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ