Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздегі халық саны қалай өзгерді


Ұлттық статистика бюросы Қазақстан аумағындағы халық санының XIX ғасырдың соңынан бері қалай өзгергені туралы деректерді жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұлттық сатистика бюросының мәліметінше, Ресей империясының 1897 жылғы алғашқы жалпыхалықтық санағының деректеріне сәйкес, кейінірек Қазақ АССР-інің құрамына енген жерлерде 4,3 миллион адам тұрған, олардың 3,5 миллионы қазақ болған.
Халық санының жылдар бойынша динамикасы төмендегідей:
1913 жылы – 5,5 млн;
1920 жылы – 5,4 млн;
1922 жылы – 5,3 млн;
1939 жылы – 6 млн;
1959 жылы – 9,2 млн;
1970 жылы – 13 млн;
1979 жылы – 14,6 млн;
1984 жылы – 15,6 млн.
Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991 жылы Қазақстан халқының саны 16,4 миллион адам болған. Алайда көші-қон үдерістеріне байланысты 2000 жылы бұл көрсеткіш 14,9 миллионға дейін азайған.
2010 жылы халық саны қайтадан 16 миллион межесінен асып, 16,2 миллион адам болған.
2023 жылғы қарашада еліміздегі халық саны алғаш рет 20 миллионнан асқан. Ал 2025 жылғы 1 маусымдағы соңғы деректерге сәйкес, Қазақстан халқының саны – 20,3 млн адам.