Су тасқыны: ҚазМұнайГаз зардап шеккен өңірлерге көмекті 10 млрд теңгеге ұлғайтты
Биыл сәуір айында «ҚазМұнайГаз» су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 3 млрд теңге бөлген болатын. Мамыр айында компания қосымша 7 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл қаражат Samruk Kazyna Trust корпоративтік қоры арқылы бағытталатын болады, деп хабарлады Elorda.info.
Одан бөлек, «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС тәулік бойы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Ұлттық ұланның әуе кемелері мен техникасын жанармаймен қамтамасыз етеді. Оған қоса ЖШС зардап шеккен облыстардың әкімдіктеріне өтеусіз негізде жалпы сомасы 400 млн теңгеге жуық жанар-жағармай ұсынды.
Сондай-ақ, ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлері 352 млн теңге көлемінде қаржылық көмек көрсетті.Ал ҚМГ-ның еншілес кәсіпорындары су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге атсалысып келеді (705 млн теңге жұмсалды), арнайы техника бөліп, адамдарды тасымалдау үшін көмекке автобустар беріп отыр.