Шығармашыл жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау басталды

10 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Шығармашыл жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау басталды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінен

Мәдениет және ақпарат министрлігі Мемлекет басшысы тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру бойынша конкурстың басталғанын жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Грант берудің мақсаты – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа идеялар мен бастамаларды мемлекеттік қолдау.

2025 жылы республикалық деңгейде 3 млн теңгеден 30 грант берілетін болады.

Грантқа 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі (34 жасты қоса алғанда) Қазақстан Республикасының азаматы үміткер бола алады.

Грант мынадай 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін конкурстық негізде беріледі:

• «Ғылым» – жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;

• «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;

• «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;

• «Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;

• «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;

• «Волонтерлік» – өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды) іске асыруға арналған.

Конкурстық өтінімдерді қабылдау 16 маусымнан бастап 18 тамыз аралығында (бұл ретте, осы жылдың 18 тамызы күні сағат 00:00-ге дейін) t.urpaktary25@gmail.com  электронды поштасы арқылы жүзеге асырылады.

Анықтама телефондары: 8 (7172) 74-12-78, 8 706-618-07-23 (жұмыс күндері, сағ. 9:00-ден 18:30-ға дейін).

Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі (мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде):

• 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурстық өтінім (PDF форматы);

• 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаның сипаттамасы (word форматы);

• Жоба бойынша бейнематериал (60 секундтан аспайтын) немесе презентация (10 слайдтан аспайтын);

• 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шығындар сметасының жобасы (word форматы);

• Зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса, PDF форматы);

• Жеке куәлік немесе туу туралы куәліктің көшірмесі (PDF форматы).