00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Саусақ ізін тапсыру халықтың өмірін жеңілдете ме?

Саусақ ізін тапсыру халықтың өмірін жеңілдете ме?
Коллаж: Elorda.info

Былтыр Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар үшін саусақ іздерін тапсыру міндетті болатынын айтты. Алайда, заңнамаға өзгертулер енгізіліп, қазақстандықтар үшін бұл үрдіс міндетті емес болып бекітілді. Осы уақыт аралағында қанша қазақстандық ерікті түрде саусақ ізін тапсырды?  Жалпы саусақ іздері не үшін қажет? Elorda.info тілшісінің осы және өзге сұрақтарына ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Айгүл Қаңлыбаева жауап берді.

- Айгүл Нұрмолдақызы, елімізде биылдан бастап саусақ іздерін тапсыру әркімнің өз еркінде екені баршаға мәлім. Жыл басынан бері қанша адам ерікті түрде саусақ ізін тапсырды?

-Биыл 1 қаңтардан бастап 2 мамырға дейін Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі мен паспортын алған кезде 62 331 адам еркін түрде саусақ іздерін тапсырды.

аусақ ізін тапсырған азаматтардың конституциялық құқықтары қалай қорғалады және дактилоскопиялық ақпарат қанша уақыт сақталады?

-Дактилоскопиялық ақпаратты қорғау Қазақстан Республикасының ақпараттандыру, дербес деректер және оларды қорғау, мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Ал деректердің қанша уақыт сақталуына келетін болсақ, «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңның 15-бабаның 1-тармағы бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, дактилоскопиялық ақпарат Қазақстан Республикасының азаматтары қайтыс болу фактісі анықталғанға дейін, азамат хабар-ошарсыз кетті деп танылған немесе азаматты сот қайтыс болды деп жариялаған, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған немесе одан шыққан жағдайларда олар жүз жасқа толған күнге дейін сақталады.

- Айгүл Нұрмолдақызы, жалпы саусақ іздері не үшін қажет?

-Дактилоскопиялық тіркеу жеке басын анықтау немесе растау мақсатында жүргізіледі және заңмен қатаң белгіленген мақсаттарда пайдаланылатын болады. Жеке басты куәландыратын құжаттарға қосымша биометриялық параметрді, яғни саусақ іздерін енгізу азаматтың құқықтары мен дербес деректерін қорғауға, сондай-ақ жеке тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жетілдіруге бағытталған. Бұл өз кезегінде жалған құжаттарды жасаудан, олардың иелерін алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді. ICAO ұсыныстарына сәйкес азаматтардың жол жүру құжаттарында азаматтың кемінде екі биометриялық идентификаторы болуы керек, бұл жағдайда ол түрлі-түсті цифрлық фотосурет және саусақ іздері. Әлем елдері паспорттық-визалық бақылаудан өтуде жеке басын сәйкестендіру нысандарын жетілдіруде. Сонымен қатар құжаттарды биометриялық деректермен беруге көшіп жатыр.

-Қалай ойлайсыз, дактилоскопия халықтың өмірін қалай жеңілдетеді?

-Біріншіден, осы шара заңсыз құжаттандыру фактілерін болдырмауға,  құжаттарды қолдан жасаудан, сондай-ақ алаяқтық әрекеттерден қорғауға ықпал етеді. Мысалы, соңғы 10 жылда 1 мың 176 заңсыз құжаттандыру фактілері анықталған.

Екіншіден, жеке басты куәландыратын құжаттарды қалпына келтіру рәсімін жеделдетеді. Сондай-ақ шетелде құжатын жоғалтқан азаматтардың жеке басын анықтауды және олардың елімізге оралуын тездетеді.

Жеке басты куәландыратын құжаттарға қосымша дактилоскопиялық мәліметті қосу осындай құжаттарды қылмыскерлердің пайдалануын болдырмайды.

Үшіншіден,  Қазақстан азаматтарының басқа елдердің шекарасынан өтуін оңайлатады. Мысалға, паспорттың чипында саусақ іздері болған жағдайда, адамдар шекарадан қайта өткенде оны қайтадан тапсырмайды. Өйткені  бүгінгі күгі бұл ең дәл мәлімет болып саналады.

Төртіншіден, із түссіз жоғалып кеткен Қазақстан азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды іздестіруді жеделдетеді.

-Саусақ іздерін тапсыру кімдерге міндетті?

-«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Занның 10-бабына сәйкес міндетті дактилоскопиялық тіркеуге он алты жасқа толған мынадай санаттағы адамдар кіреді. Атап айтқанда:

      1) өздеріне қатысты Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы шешім қабылданған Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

      2) Қазақстан Республикасында уақытша немесе тұрақты тұруға рұқсатты ресімдеу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

      3) бірінші рет шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін алу үшін немесе оны қалпына келтіру, ауыстыру үшін жүгінген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

      4) пана іздеген адам мәртебесін алу туралы өтінішхат берген, бірінші рет босқын куәлігін және (немесе) жол жүру құжатын алу үшін немесе оларды қалпына келтіру, ауыстыру үшін жүгінген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

      5) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге шығарып жіберілуге жататын не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

       6) Қазақстан Республикасының визаларын алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жатады.

Айта кетейін,  Жеке басты куәландыратын құжаттарды ресімдеу процесі жүргізілетін барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтарында  саусақ ізін тапсыру мүмкіндігі бар.

-Сұхбатыңызға рахмет!