Отандық қонақ үйлер туристерге 98,7 млрд теңгеге қызмет көрсетті
Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45 пайызға артық, деп хабарлады Elorda.info Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында еліміздегі орналастыру орындары туристерге 98,7 млрд теңгеге қызмет көрсеткен.
Биыл бірінші жартыжылдықта түрлі орналастыру орындарының қызметін пайдаланған ішкі туристер саны 3,1 млн адамға жетті. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 400 мың туристке артық. Ал пандемияға дейінгі деңгейден 1 млн адамға көп. (2019 жылы – 2,1 млн турист).
Сондай-ақ, биыл қаңтар-маусым аралығында еліміздегі орналастыру орындарына 516 мың шетелдік турист тоқтаған. Бұл көрсеткіш былтырғы нәтижеден 1,8 есе артық. Сонымен қатар, биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша орналастыру орындарының саны 3 914-ке жетіп, бір уақыттағы сыйымдылығы – 205 мың төсек-орынды құрап отыр,- деді ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.