Олимпиада жүлдегерлері мен жаттықтырушыларына төленетін төлем 5 есеге артты
Соңғы екі жылда Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы материалдық қамсыздандыру мөлшері 5 есеге жуық ұлғайды. Бұл туралы Мәдениет министрлігі мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.
Мәселен 2021 жылы оларға 24 АЕК мөлшерінде ғана немесе 70 008 теңге төленсе, биыл олар ай сайын 345 000 немесе 100 АЕК мөлшерінде материалдық қамсыздандыру алады.
Бүгінгі таңда Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада жүлдегерлерімен қатар, олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына да 100АЕК мөлшерінде өмір бойына ай сайынғы төлем қарастырылған.
Айта кету керек, материалдық қамсыздандыру өмір бойы, Қазақстан Республикасының азаматтарына және ел аумағында дене шынықтыру және спорт саласында кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар спортшылар мен жаттықтырушыларға төленеді.
Ай сайынғы материалдық қамсыздандыру спортта жоғары нәтижеге ие болған спортшылар мен олардың жаттықтырушылары үшін үлкен қолдау. Сонымен қатар бұл жасөспірімдер мен жастарды спортпен айналысып, чемпион атануға ынталандырады. Дүниежүзілік жарыстарда еліміздің намысын қорғап, жүлде алған отандастарымызды әлеуметтік тұрғыда қорғап, қолдау мәселесі министрліктің жіті назарында,- деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.