Назарбаевтың «Барыс» автобазары мемлекет меншігіне өтті
Болат Назарбаевқа тиесілі «Барыс» автобазары мемлекет меншігіне өтті, деп хабарлады Elorda.info.
17 сәуірде болған сот отырысында «Барыс» автобазары орналасқан 37,6 гектар жер телімі туралы келісімшарт жарамсыз деп танылды. Бұл жер негізінен ауыл шаруашылығына бөлінген.
Алматы облысы прокуратурасы баспасөз қызметі мәлім еткендей, шешім 17 сәуірде жарияланған. Судья А. Ахметова Қарасай ауданы прокуратурасының жер телімдерін сату туралы үлгілік шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап арыздары қанағаттандырылды.
Еске салайық, прокуратура, жергілікті әкімдік және Болат Назарбаев арасындағы іс биыл наурыз айының соңында басталған болатын.
2004-2019 жылдар аралығында жер телімдерін сату бойынша 7 келісімшарт жасалған. Мемлекеттік жерлер әр уақытта берілді: Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы әкімдігі және аудандық жер қатынастары бөлімі.
Болат Назарбаевтың тағы 1,5 мың гектар аумақтағы жер телімі мемлекетке қайтарылуы мүмкін.